Оралдық Анастасия Январева «Miss Uralck – 2022» байқауының жеңімпазы атанды

Автор: Azattyq Rýhy

Байқауға қатысқан өзге арулар да жүлдесіз қалмады

Оралда қала әкімдігінің қолдауымен және «Zhuldyz Pro» модельдік агенттігінің ұйымдастыруымен «Miss Uralck – 2022» аймақтық сұлулық байқауы мәреге жетіп, қазылар алқасының шешімі бойынша Жайық өңірінің ең әдемі аруы атағына Анастасия Январева лайық деп танылды.

«Атамекен» өнер сарайында өткен байқауға ақылы көркіне сай 16-20 жас аралығындағы 16 ару үміттерін үкілеп қатысты. Олар сайыс шартына сәйкес, өзін таныстыру, би, қабілет, дарынын көрсету, ұлттық киіммен сахнаға шығу секілді кезеңдерде бақ сынады.

«Байқау финалистері өте күрделі іріктеуден өтті, олар түрлі фотосессияларға, қайырымдылық акцияларына қатысып, елімізге танымал адамдармен кездесті. Аруларымыз тек көрікті ғана емес, сонымен қатар, ой-өрістері жақсы дамыған, спортпен шұғылданатын, салауатты өмір салтын ұстанатын қыздар. Сол себепті, байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтау қазыларға қиынға түсті», - деді байқауды ұйымдастырған «Zhuldyz Pro» модельдік агенттігінің директоры Жұлдыз Құспанова.

Осы орайда, байқауға бас демеуші болған «Elos+» эстетикалық косметология орталығын және қолдау білдірген көптеген демеушілерді атап өткен орынды. Олар сайысты көруге келген көрермендер арасында ұтыс ойнатты. Нәтижесінде бағы жанған 5 адам airpods ұтты, бірнеше адам түрлі қаржылай сертификаттарға, киім-кешек пен басқа да бағалы сыйлықтарға ие болды.   

Байқау қорытындысында бірде-бір ару жүлдесіз қалмады. Оларға түрлі аталымдар бойынша марапат тапсырылды. Мәселен, Алтын Закаринаға «Мисс Талант», Ділназ Қалыбайға «Мисс Гармония», Альмира Махамбетоваға «Мисс Харизма», Ділназ Қуаншалиеваға «Мисс Қайырымдылық», Лора Бақбергеноваға «Мисс Спорт», Влада Греховодоваға «Мисс Афродита», Нұрлы Сатеноваға «Мисс Грация», Камила Шалабаеваға «Мисс Фотомодель», Анастасия Алышеваға «Мисс Модель», Руфина Өміралиеваға «Мисс Интеллект», Аружан Бисембайға «Мисс Талант», Ақтілек Кеңесоваға «Мсии Инстаграмм», Альмира Махамбетоваға «Көрермен көзайымы» аталымдары бойынша марапаттар табыс етілді.

Сонымен, байқау қорытындысына келер болсақ, III вице-мисс атағына Әсел Қалиева лайық деп танылды. II вице-мисс атағын Екатерина Иващенко жеңіп алды. Ал I вице-мисс атағы Мәдина Шуриеваға бұйырды. Байқау жеңімпазы, жоғарыда айтқанымыздай Анастасия Январева.

Тегтер: