$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.11.2022, 12:42
Мәдениет

Ақтөбеде «Жұбановтар әуені» халықаралық фестивалі өтті

Іс-шараның ашылу салтанатында 17 ұжым, 484 адам бір мезетте «Қарлығаш» әнін орындады

Ақтөбеде «Жұбановтар әуені» халықаралық фестивалі өтті

Ақтөбеде Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда «Жұбановтар әуені» атты халықаралық фестиваль өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Биік өнердің тұлғасына айналған Жұбановтардың құрметіне арналған мазмұнды байқауға Татарстан елінен және Қазақстанның Астана, Алматы, Тараз, Атырау, Орал, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе облыстарынан 17 хор ұжымы қатысты.

Фестивальдің ашылу салтанатында 17 ұжым, 484 адам бір мезетте Ахмет Жұбановтың  «Қарлығаш» әнін орындады.

Сондай-ақ Украина, Минск, Түрік елдерінен келген өнер иелері қазылық етті. Байқаудың қазылар алқасының төрағалық міндетін ҚР халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденінің  иегері профессор Базарғали Әжұлы Жаманбаев атқарды.

«Тарихы тылсымнан сыр шертер, өрелі өнердің ордасына айналған әлем назарындағы Ақтөбе өлкесінің мәдениеті де мәртебелі. «Өнер – адам бойындағы ең биік көрініс» деген. Мәдениет бесігіне айналған Ақтөбе дегенде, жұрт Жұбановтар әулетін  еске алары сөзсіз. Өнері өрелі  өлкемізде екі күн бойы жан жадыратар іс-шарадан қала халқы көңілді серпітер рухани азық алатыны анық», - дейді ұйымдастырушылар.

Байқауға сонымен өатар, халықаралық, республикалық  байқаулардың жүлдегерлері, қалалық мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық ұжымдар, «Атамекен - Асылым» аталар-аналар ансамблі және «Наставник» еңбек және соғыс ардагерлерінен құрылған хор ұжымдары қатысты. Олар өздерінің өнерімен жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, диплом және бағалы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Екі күнге созылған халықаралық байқау көпшіліктің көңілінде сақталар шара болды.

Серіктес жаңалықтары