«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты тұңғыш әлеуметтік желілерде «Қасиетті домбыра» республикалық конкурсының басталғандығы жайында хабарлайды.
«Жастар өз уақыттарының басым бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді. Сондай-ақ, Instagram, TikTok сынды қосымшаларда жастар арасында ұлттық болмысымыз – ұлттық аспаптада ойнау «трендке» айналуда. Осы тұста рухтастар болып олардың назарын осы байқауға бұруды жөн көрдік.
Байқаудың мақсаты - қазақ мәдениетінің қазынасы ретінде домбыраның құндылығы мен маңыздылығын көтеру және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту. Жеңімпаздарға арнайы ақшалай және бағалы сыйлықтар қарастырылатын болады», - деп айтып өтті «Жастар Рухы» төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Байқау шарттары төмендегідей:
Қатысушы домбырада танымал композицияны орындап, өзін таныстырады (аты-жөні, тұрып жатқан аймағы, шығарманың атауы), бейнероликті әлеуметтік желілерде жариялайды. Конкурсты ұйымдастырушыларын белгілеп (@jastar_ruhy), келесідегі хэштегтерді жазуы тиіс: #қасиеттідомбыраконкурс #жастаррухы;
@jastar_ruhy парақшасына тіркелу;
Байқау өткізу кезеңінде қатысушы парақшасының ашық болуы;
@jastar_ruhy ресми аккаунтының байқау жариялаған жазбасы астында 5 досын белгілеу (бұл байқау жеңімпаздарын анықтау кезінде ескеріледі);
Видео форматы - Reels (16:9);
Жас шектеулері жоқ;
Фейк парақшалар есептелмейді және конкурстық комиссияға өткізілмейді.
Байқау қорытындысында «ДОМБЫРАДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК COVER», «ҮЗДІК КҮЙШІ» (төкпе күй), «ҮЗДІК КҮЙШІ» (шертпе күй) номинациялары бойынша 3 жеңімпаз анықталады. Әр номинацияда бірінші, екінші, үшінші орындар қарастырылған.
Дода 14 қазан мен 14 қараша аралығын қамтитын болады. Өтінімдерді қабылдау 14.11.2022 жылы Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де аяқталады. Ал, конкурстық комиссияның қатысушының өтінімдерін қарауы 14.11.2022 жылдан бастап жүргізіледі. Байқау нәтижелері ағымдағы жылдың 23 қарашасында жылы жарияланады дейді ұйымдастырушылар. Жарыс ережелері «Жастар Рухы» Telegram каналында жарық көретін болады.
Сонымен қатар, Жастар қанаты Instagram желісінде «Домбыра тартайық» челленджін бастаған болатын. Челленджді 1000-нан астам азаматтар қолдап, күй тартты. Олардың ішінде «Бастау» тобы, «Адай» триосы, сазгер Дидар Исахан, Жастар қанатының аймақтық филиал жетекшілері де бар. Челлендж домбыраны басқа қырынан танытуға, оны халық арасында дәріптеуге бағытталған.