Оралда халықаралық «Атамекен» ән байқауы мәреге жетті
Байқауға барлығы 24 әнші қатысты
Еліміздің бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әнінің авторы, аса көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ХІІ Халықаралық фестивалі Оралда мәреге жетті.
Екі күнге созылған өнер додасында талантты әншілер Ескендір әндерін әуелете шырқады. Байқауға Қытай Халық Республикасынан, Ресей Федерациясынан және өзіміздің Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ұлытау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда, Абай, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 17 мен 32 жас аралығындағы 24 әнші қатысты.
Өнер додасының қазылар алқасы құрамында: Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры, композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының әншісі, «Алтын домбыра» Президент сыйлығының иегері, әнші-композитор Марат Сарбөпеев, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының әншісі, Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың І республикалық «Атамекен» ән фестивалінің Гран-при иегері Жаскелең Ғайсағалиев, Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ІҮ Халықаралық «Атамекен» ән байқауының Гран-при иегері, танымал киноактер, әнші Асхат Үрпеков және Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ІҮ Халықаралық «Атамекен» ән байқауының І орын иегері, әнші-композитор Таңат Жексенбаев болды.
Фестиваль қорытындысында Бас жүлдені Айнұр Назарбекова (Шымкент қаласы) жеңіп алса, І орынды Мұратбек Хайролда (Астана қаласы), ІІ орынды Өсербай Бөріханов (Түркістан облысы), ІІІ орынды Айбек Абдыашимұлы (Ұлытау облысы), Рустам Хафизов (Батыс Қазақстан облысы) иеленді. Сондай-ақ Аружан Бисембай (Батыс Қазақстан облысы), Мержан Қабдолов (Атырау облысы), Олжас Оспан (Абай облысы) байқаудың дипломанты атанды.
Сонымен бірге Хасанғалиевтер әулеті атынан «Отбасылық арнайы жүлде» Тасқын Әжібайға (Ресей Федерациясы) және «Хасанғалиев әлемі» қорының жүлдесі Ерік Төленовке (Алматы қаласы) табыс етілді. Жүлдегерлер ақшалай сертификатпен, дипломмен марапатталды.
Байқау соңында Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, Ескендір ағаның жұбайы Дарико Сопыжанқызы мен ұлы Біржан Ескендірұлына, немересі Зере мен Нұрсұлтанға алғысын білдірді.