Оралда ақын Қайрат Жұмағалиевке ескерткіш тақта ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бүкіл қазаққа танымал «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» әніне сөз жазған

Иісі қазаққа аты мәлім ақын Қайрат Жұмағалиев Батыс Қазақстан топырағының тумасы. Өмірінің соңғы бөлігін Оралда өткзген ақынның есімін жерлестері зор ілтипатпен еске алады. Соның айғағы, таяуда Қайрат ақынның туғанына 85 жыл толуына орай Жұмағалиев көшесіне ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтаны ашу рәсіміне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, ақынның қызы, қаланың белсенді азаматтары және студенттер қатысты. Салтанатты рәсімде шаһар басшысы Миржан Сатқанов сөз сөйледі.

«Біз бүгін күллі қазаққа «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деп ән салдырған ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай ақынның аты берілген көшеге орнатылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Қай өңір болса да, өз өлкесінің тұлғаларын құрметтеп, оның ұлық болмысын халқына үлгі етері хақ. Жайық өңірі елі үшін сондай ерекше қадір тұтар тұлғалардың бірі – Қайрат Жұмағалиев. Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын Қайрат Жұмағалиев өмірінің соңғы кезеңін Орал қаласында өткізген еді. Өңір жастарымен, оқу орындары студенттерімен, оқушыларымен үнемі кездесіп, тағылымды әңгімелерімен жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосты. Ақынның «Жарық дүние», «Кие» атты соңғы кітаптары да осы Орал қаласында дүниеге келді. Тақтаны ашудағы мақсатымыз – ақынның қоғам үшін жасаған еңбегін жас буынға үлгі ету, шығармашылын насихаттау. Қайрат ағамыздың шоқтығы биік туындылары мен құрметті есімі көптің жүрегінде сақталады, – деді шаһар басшысы.

Одан кейін ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз алып, Қайрат Жұмағалиевтің азаматтық болмысы, шығармашылығы жайында жас ұрпаққа кеңінен баяндады. Ал, қызы Жанар туған өлкесінде көше атауын беріп, ескерткіш тақта ашқан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ескерткіш тақтамен қатар көшенің қарсы бетіне Қайрат Жұмағалиевтің өмірбаяны жазылған ақпараттық пилон орнатылды. Іс-шарада ақынның қаламынан туған жырлары оқылып, қазақтың аналары үшін шырқайтын гимнге айналған «Анашым» әні орындалды.

Тегтер: