Бұл туралы Қазақстан елшісі мен Мысыр министрінің кездесуінде айтылды
Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев сол елдегі Көне ескерткіштер және туризм министрі Халед Әл-Ананимен кездесіп, екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде Арман Исағалиев Сұлтан Бейбарыстың (XIII ғасырда Мысырда билік құрған сұлтан) Каирдегі мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жаңғыртқаны үшін Мысыр үкіметі мен Халед Әл-Анани басшылық ететін Көне ескерткіштер және туризм министрлігіне алғыс білдірген.
«Қазір жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш жобаның бас мердігері – Мысыр мен Таяу Шығыстағы ең ірі құрылыс компаниясы «Arab Contractors» өкілдерінің айтуынша, мешітті реставрациялау жұмыстары толығымен 2020 жылғы шілдеде аяқталуы тиіс», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 2019 жылы Мысыр Үкіметі Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге 181 млн фунт бөлгені жайлы ақпарат тарады.