Министрлік Абайдың 175 жылдығына арналған шараларды өткізуде ысырапшылдыққа жол берілмейді деп мәлімдеді
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойды өткізу бағдарламасына өзгерту енгізілетінін айтты. Сондай-ақ вице-министр мерейтой аясында өтетін шаралардың мән-маңызы жіті қаралатынын, Ұлы ақынның мерейтойын өткізуде ысырапшылдыққа жол бермеу туралы Президент тапсырмасы қалай орындалатынын айтып берді.
«Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абайдың тойынан да, ойынан да тағылым алуымыз керек» деп айтқан болатын. Абайдың өзі де «бекер мал шашпақтықты» құптамаған. Одан да халқымызға, мемлекетімізге мұра ретінде қаларлық дүние жасауымыз керек. Мемлекет басшысының ықшамдау және қаражатты бекерге шашпау бойынша берген тапсырмасына орай нақты жұмыстар жүргізіліп, биылғы жоспарға өзгертулер енгізіледі. Әрине, әр шараның деңгейіне байланысты айтылған тапсырма орындалады. Бастысы – Абай мұрасын насихаттау. Бірінші бөлінген қаражаттан ықшамдалады», - деді вице-министр.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар қандай бағытта өтуі керектігін түсіндіріп, ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін ескерткен болатын.
«Шетелдік әртістерді тартудың қажет жоқ. Яғни, демеушілік қаржы бөлінгеннің өзінде, ысырапшылдық керек емес. Менің ойымша, осы шараларды іскерлік тұрғыда өткізуге болады», - деген еді Президент.
Бүгін вице-премьер Бердібек Сапарбаев Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен кездесу өткізіп, биыл республикалық деңгейде өтетін мерейтойлардың шығынын оңтайландыруды тапсырды.
«Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл толуына орай көптеген мерейтойлық іс-шаралар өткізіледі. Осы іс-шаралардың барлығын мұқият тағы бір рет талдап, идеологиялық сипатын арттыру керек. Сондай-ақ барлық шығындарды оңтайландырып, бөлінген қаражатты халық игілігіне жұмсау қажет», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Абайдың 175 жылдығына орай ақынның таңдаулы шығармалары 10 тілге аударылады. Ақынның туған жері Семей өңірінде маңызды ғылыми конференция өтіп, Жидебай музейі қайта жаңғыртылады. Ал, жыл бойы еліміздің бірнеше өңірінде өтетін республикалық ақындар айтысының балғашқысы 8 ақпан күні Нұр-Сұтан қаласында басталмақ.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан