СҚО-да жазушылар мұражайларының жағдайы мүшкіл

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жәдігерлер күтім көрмей, сарғайып, бүлініп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында биыл мерейтойлық шаралар көп. Атап айтқанда, биыл қазақ жазушысы, сыншы, драматург, аудармашы Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл, халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл, сондай-ақ ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай биыл өткізілетін шаралар барысы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облысық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Біртуар тұлғалардың мерейтойларына арналған іс-шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев баяндады. Оның айтуынша, биыл 120-дан астам әр түрлі форматтағы қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жоспарланған. 

«Аудандар Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын, Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» романын, Кәкімбек Салықовтың жыр жинағын басып шығару жұмыстарын аяқтады. Тұсау кесу рәсімі С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтеді. Сөз зергері туған Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында Ғабит Мүсіреповтің ескерткіш-бюстін және оған іргелес аумақты абаттандыру, «Петровка - Жаңажол-Бауман станциясы» автомобиль жолының учаскесін орташа жөндеуді аяқтау, Ғабит Мүсірепов мұражай-үйін күрделі жөндеу жоспарланған», - деді Нұрлан Досбайұлы.  

«ЖӘДЕГЕРЛЕР КҮТІМ КӨРМЕЙДІ...»

Кеңес мүшелері дәл осы және ауылдардағы өзге де мұражайлардың мүшкіл жағдайына алаңдаушылық білдірді. Кеңес мүшесі, ақын Дәстен Баймұқановтың айтуынша, ондағы жәдігерлер күтім көрмей, сарғайып, бүлініп жатыр. Әрі шалғайдағы мұражайларға баратын адам аяғы аз. Сондықтан кеңес мүшелері Петропавл қаласында Әдебиет музейін ашып, Ғабит Мүсірепов және Сәбит Мұқанов мұражайындағы жәдігерлерді және жалпы барлық жерлес ақын-жазушылардың жеке заттарын бір жерге тоғыстыруды ұсынды. Бұл Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, ескісі босағаннан соң мүмкін болмақ. 

Сондай-ақ кеңес мүшелері мерейтой иелеріне облыс орталығынан көше атын беретін кез келгеніне назар аударды. Қазір Петропавлдағы көше аттарын өзгерту туралы 40-тан астам ұсыныс бар көрінеді. Бұл - қалалық әкімдіктің құзырындағы мәселе. Нұрлан Жамантаев биыл Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Сафуан Шаймерденовтің есімін беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың есімін беру бойынша жұмыстар қолға алынған екен. 1 наурызда өткен ономастика комиссиясының кезекті отрысында осы ұсыныстар қаралып, республикалық ономастика комиссиясына жолданды.   

ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР МЕРЕЙТОЙЫ АТАУСЫЗ ҚАЛА МА?

Кеңес мүшелері сонымен қатар соңғы кезде есімдері ұмытылып бара жатқан жерлес көрнекті тұлғалардың мерейтойларын да атаусыз қалдырмауды ұсынды. Атап айтқанда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға орай қабылданған Жол картасына енгізілген «дала данышпаны» атанған солтүстік өңір қазақтарының бас биі Тоқсан бидің 285 жылдығы, Абылай ханның сенімді серігі, тарихи тұлға, көрнекті мемлекет қайраткері Құлеке батыр Тәңірбердіұлының 320 жылдығы, соңғы кезде аты аталмай жүрген прозаик жазушы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі Ермек Қонарбаевтың 85 жылдығына орай мерейтойлық іс-шаралар жоспарын жасап, шығармаларын насихаттауды қолға алуды ұсынды. 

Ауыз әдебиетін зерттеуші Қаратай Биғожин мен 1992 жылы Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып Тимирязев ауданына көшіп келген Елікбай ақынның қолжазбаларын іздеп тауып, мұрасын насихаттау, тіпті студенттер мен магистранттарға курстық, дипломдық жұмыстары мен ғылыми еңбектерінің тақырыптары ретінде ұсыну керек деген тұшымды ой айтылды. Күні кеше өмірден өткен көрнекті ғалым, археология профессоры Виктор Федорович Зайберттің қазан айында 75 жылдығын атаусыз қалдырмауды өтінді. 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

Сонымен қатар «Miras» кеңесінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы әлі де көңілден шықпайтынына қынжылыс білдіріп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек деген ортақ пікірін айтты. «Сбербанк» АҚ банкоматтары мен терминалдары арқылы тұрғындарға қызмет көрсетуде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс деген ой айтты. Әрі аудандық әкімдіктердің отырыстарында тым болмаса бір мәселе мемлекеттік тілде қаралуын ұсынды. 

«Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары, Қытайдан келген қандасымыз, кеңес мүшесі Әбдіғани Базылхан көші-қон мәселесінде де түйткіл көп екеніне тоқталып, оларды шешуге ат салысу туралы ұсыныс жасады. «Miras»кеңесінің мүшелері қордаланған мәселелерді қарастыру үшін көшпелі отырыстар өткізетін болып келісті. 

Эльмира Мәмбетқызы