Алматыда белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің кітаптары жарық көрді
Ғалымдар З. Сәнікке Алматыдан мектеп атын беруді ұсынды
Алматыда белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік кітаптарының тұсаукесері болды. «Халық мұрасының жанашыры» кітаптарының таныстырылымен қатар республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтті. Оған еліміздің әр өңірінен ондаған әдебиеттанушы-тілші, тарихшы-зерттеуші және магистранттар мен студенттер қатысып, түрлі тақырыптарда баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шымкенттен келген тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Анарбаев қаламгер шығармашылығындағы байырғы және қолданыстан шығып қалған сөздердің мән-маңызына талдау жасаса, астаналық ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы жазушының бай мұрасын замануи үлгіде насихаттау жолдарын ұсынды.
Ал Семейдегі Шәкәрім университетінің 3-курс студенті Мүлікбаева Ақерке Зейнолла Сәніктің шығармаларын мектеп оқулықтарына енгізу де маңызды екенін атап өтті. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қажыбекұлы бұдан былай да жазушы мұрасын жете зерттеуге көңіл бөлетінін жеткізді. Конференцияға қатысқан студенттер Зейноллатануға зейін қойып, зерттеуге кіріспек.
«Зейнолла Қытайда тұрып тұтас қазақ халқының мүддесіне жұмыс істеудің сыртында, Қазақстанда жарық көрген қазақ тарихына, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты еңбектерді жаппай жарыққа шығарды. Баспагердің алдына қоятын азаматтық концепциясы бар десек, сол азаматтық концепцияның ең биігінен Зейнолла аға табылып отырды. Ол кісі тарихқа еріккенінен барған емес, яғни күні бүгінге дейін қазақтарға Қытайдың тарихы оқытылады, санасына соларды сіңіріп жатыр. Осыған тосқауыл қою, өзінің қазақ ұлты екенін, қазақтың баласы екенін сезіндіру үшін қазақ тарихына мақсатты түрде барды. Екіншіден, тарихқа баруының себебі, қытай тілін жақсы білгендігі», – деді Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессоры Дүкен Мәсімханұлы.
«Дәнекер тұлға» кітабына белгілі қаламгер Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер, зерттеу мақалалары топтастырылған. Ал фольклортанушы-ғалым Дүйсенгүл Жаһанның «Халық мұрасының жанашыры» еңбегінде жазушы, этнограф Зейнола Сәніктің этнографиялық және фольклорлық мұрасы алғаш рет жүйелі түрде талданып, ғылыми ой-тұжырымдар мен қорытындылар жасалған.
«Зейнолланың тағы бір қыры, қоғам қайраткерлігі. Зейнола қай баспада жүрсе де қазаққа керек дүниелер, журналдар шығарды. Пекинге дейін барып тиісті саланың басшыларымен жағаласып жүріп, ұрпаққа, қазақтың руханиятына игілігі тиетін дүниелерді шығарды. Қоғамдық және атақ-дәреже беретін ұйымдардың комиссия мүшесі болып, сол жерден барынша қазақтың, қазақ азаматтарының мүддесін қорғап, барлық жерде де өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігін паш етіп отырды. Қандай жұмыс істесе де, не жазса да, не істесе де, қайда жүрсе де тек қана ұлтын сүйді. Ұлтына қызмет істеуді мақсат етті. Демек, әлі де болса Зейнолла әлемін, Зейнолла мұраларын ұрпаққа жеткізу жағында атқарылатын жұмыстар көп. Қазақ халқының бір парасы орыс тілінде сөйлейтіндіктен қаламгер шығармаларын орыс тіліне аудару жағы қолға алынса деген ойым бар. Одан кейін оқу орындарында болсын, ғылыми орталықтарда болсын «Зейнолла оқулары» тұрақты түрде білгілі бір оқу орнында өтіп тұрса артық болмас еді. Сондықтан, қалай болғанда да Зейноллатану ғылымы – қазақтың өзін, тұтас болмысын сақтау үшін, яғни, Зейнолла Сәнік үшін емес қазақтың ұлты үшін керек игілікті жұмыс», – деді профессор.
Ғалымдар З. Сәнікке Алматыдан мектеп атын беруді ұсынды.