А.Байтұрсынұлының 150 жылдығын Түркияда кең көлемде өткіземіз – Бас консул

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Анкарада ғана емес Түркияның бірнеше қаласында өткізіледі

Фото: Әсет Құндақбаев

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда кең көлемде өткізілмек. Мәдени шара Анкарада ғана емес, Түркияның бірінеше ірі қаласында да ұйымдастырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Түркияның Алматыдағы Бас консулы Әли Рыза Акынжының сөзінше, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының игі істерін, еңбегін наисхаттау екі елдің арасындағы мәдени рухани байланыстың дамуына да мол септігін тигізбек.

«Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Түркияның 17 қаласындағы саябақтар мен көшелерге Абайдың есімі берілген. Биыл да Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кең ауқымда Түркияда өтеді. Іс-шараның бағдарламалары дайындалып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының кім екенін, қандай тұлға болғанын түріктерге де кеңінен насихаттап түсіндіруіміз керек. Мақсатымыз – түркі елдері арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту. Әлемде түркі елдеріне жататын алты тәуелсіз мемлекет бар. Осы мемлекеттердің әрқайсысы экономикадан, әл-ауқат жағынан мықты болғанын, сол сияқты бір-бірімізбен ынтымақтастығымыз мықты болғанын қалаймыз», - деді Түркияның Алматыдағы Бас консулы Әли Рыза Акынжы.

Сондай-ақ, Бас консул бауырлас қос мемлекет арасындағы экономикалық сауда байланысы туралы да ойын айтты. Қазақстан-Түркия арасындағы тауар айналымының жылдық көлемі 4 миллиард доллардан асқан. Түркиядан өндірістік құрылғылар, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты заттар көп келеді. Ал Түркия көбінесе Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен мұнай сатып алады.

Әли Акынжы өз сөзінде мемлекетіне жаны ашыған адамның не істеу керектігін де айтты.

«Бір бірімізбен серіктестік орнатайық. Өзара тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу деген жоспарды кейін 50 миллиардқа жеткізейік. Жақсы істерімізді бір-бірімізге үйретейік. Түркі халықтарына жатпайтын елдермен де байланысымыз жақсы болсын. Қызметпен барған жерімізге жақсылықты, байлықты  апарайық. Әлемде соғыстар, адамзатқа ауыр тиетін ауыртпалықтар, қиындықтар көп. Бірақ біз түркілердің ұрпағы қай жаққа барсақ та тек жақсы іске себепкер болайық.

Алыста, көз ұшында тұрған жақсы нәрсені отырып алып армандау, қиялдау жақсы. Бірақ дәл қазір қолымыздан қандай іс келетінін анықтап, соны аз-аздан іске асыру бір басқа. Жапонияда әрбір адам жұмысының бір сағатын тегін, жапония үшін деп елін дамытуға арнайды. Қазақстанның әрбір адамы күніне үш сағатын елінің дамуына тегін арнасын. Елінің дамуын қалаған адам артығымен жұмыс істеуі керек. Үлкен мақсаттарды армандау жақсы, алайда алдымен шағын істерді, қолымыздан келетін дүниелерді жүзеге асыру бір басқа», - деді Бас консул.