Түркі халықтарына шайды Қожа Ахмет Ясауидің өзі дәріптеген деген аңыз бар
Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен көпшілікке түрік шайын таныстырды.
Түркия әлем бойынша шай өндіріуде төртінші, ал тұтынуда алғашқы (кісі басына 3,5 кг) орынды иеленеді. Түрік елінде шамамен 1 миллион адам шай өндірісі нарығында еңбек етеді екен. 2021 жылы Түркия әлемнің 115 еліне шай экспорттаған. Шай – әлемдегі судан кейін ең танымал және көп қолданылатын сусын түрі ретінде түрік асханасының және мәдениетінің де ажырамайтын бөлшегіне айналған. Түрік шайының тарихы туралы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина айтып берді.
«Адамзат баласы 5000 жылдан бері қолданып келе жатқан шайдың түріктер арасында тарала басталуына қатысты көптеген мысалдар бар. Бірде Қожа Ахмет Ясауи Қытайдың бір ауылына барып, түркімен отауына қонақ болады. Қонақ болып түскен үйдің әйелі толғатып жатыр екен. Қожайын Қожа Ахмет Ясауиден бата сұрайды, Қожа батасын беріп, толғатқан әйел аман-есен қол- аяғын бауырына алады. Бұған қатты қуанған үй иесі Қожа Ахмет Ясауиге шай ұсынады. Қапырық ауадан қатты шөлдеген Қожа Ахмет Ясауи шай ішіп, шөлін қандырады да «бұл өте шипалы сусын екен, науқастарға осы сусынды беріңдер, шипа болсын» деп бата қайырады. Шай осыдан бастап түркі халықтарының арасында кең тарала бастапты деседі.
Шай Анадолыға 16 ғасырдан бастап Қытайдан Жібек жолы арқылы тарала бастаған. Османлы мемлекетінің құзырлы мекемелері шайдың зияны жоқ екені анықталғаннан кейін өндірісіне де рұқсат берген», - дейді Алмагүл Исина.
Түркия Республикасы құрылғаннан кейін Ризе мен Трабзон облыстарында шай өсіру кешенді түрде экономиканың бір саласына айнала бастады. Ең ірі шай өндіру фабрикасының негізі Ризеде 1946 жылы қаланып, 1947 жылы шай тауар ретінде айналымға шыққан.
«Шай Танзимат дәуірінде таңғы аста XIX ғасырдан бастап өз орнын ала бастаған. Түркияда шай өсірілетін аймақ Ризеде биіктігі 30 метрлік жіңішке белді шай кесесі пішініндегі 7 қабатты «Шай кесесі» атты ғимарат салынып жатыр. Бұл ғимарат Гиннес рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен шай кесесі ретінде ресми түрде тіркелу үшін өтініш білдірді.
Түрік шайының гастрономияда алатын ерекше орнына байланысты түрік тілінде өте көп тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер пайда болған. Қазақ тіліндегі әбден демделген қызыл күрең шайға түрікшеде «қоян қаны түстес шай» дейді. Шай – адамдар арасындағы әңгіменің көрігін қыздырып қарым-қатынасты өрбітуге септігін тигізетін дәнекер», - дейді шара ұйымдастырушысы.
Түрік шайының басқа шайлардан қандай айырмашылығы бар?
Алмагүл Исина түрік шайының негізгі ерекшелігі мен шайды демдеу тәртібі туралы кеңінен баяндап берді.
«Әлемде шайдың 1500-ден астам түрі бар. Түрік шайы ол тропикалық аймақтарда өспейтін әлемдегі жалғыз шай түрі болуымен ерекшеленеді. Түркияда шай негізінен Ризе мен Трабзон облыстарында өседі. Әлемде континенттік ауа райында шай өсіру дәстүрі тек қана Түркияда кездеседі. «Кофехана» деп аталатын кафелер негізінен шай ішуге арналған арнайы орын болып табылады. Арнайы кернеуі жіңішке шыны ыдыспен ішілетін түрік шайы екі қабаттан тұратын шәйнекте демделеді. Шәугімдегі суды қайнатқан кезде шәйнегіңіз судың буымен жылынады. Құрамындағы оттегін жоғалтпай, қайнаған судың біразы ұнтақталған қара шай қойылған шәйнекке құйылады.
Әлемдегі ең ірі қара шай нарығының бірі ретінде Түркияда шай түрік тұрмыстық салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, шай мәдениеті түріктер үшін ортақ өмір мен қонақжайлылықтың маңызды белгілерінің бірі», - дейді Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина.
Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи
Аталған шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Парламент депутаттары, елордадағы дипломатиялық корпус өкілдері, университеттер ұжымы мен студенттер қатысты. Келген қонақтар түрік шайы, түрік смиті мен ірімшігінің дәмін татты.