ШұғылҮржар ауданында күдікті полиция бөлімінде қайтыс болды

Димаш 2020 жылы қай елдерде концерт өткізеді

Биыл әнші Димаш Құдайберген Ресей қалалары бойынша турнеге барады, сондай-ақ Германия мен Чехияда өнер көрсетеді

2020 жылы танымал әнші Димаш Құдайберген Ресей, Украина, Беларусь, Германия, Чехия және Латвия мемлекеттерінде жеке концертін береді. Бұл туралы әлеуметтік желідегі Eurasian Fan Club парақшасында жазылған, деп жазады sputniknews.kz.

16 ақпанда Димаш сағат 19:00-де Краснодар қаласындағы «Баскет Холл» спорт кешенінде өнер көрсетеді. Билеттің бағасы – 2000-35 000 рубль аралығында (12 000-215 000 теңге) тұрады.

Ал 20 ақпанда қазақстандық әнші сағат 19:30-да Қазандағы «Татнефть арена» спорт кешенінде жеке концертін береді.

Үш күннен соң, 23 ақпанда Димаш Құдайберген Екатеринбург қаласына барады. Онда ол «Екатеринбург-ЭКСПО» халықаралық конгресс-орталығында көрермендерге жеке концерттік бағдарламасын ұсынады. Билеттің құны 4 000-40 000 рубль аралығында (24 000 теңге – 246 000 теңге).

7 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Димаш Құдайберген Латвия астанасындағы «Рига Арена» спорт кешеніде жеке концертін береді. Концерттің билеттерін электронды түрде сатып алуға мүмкіндік бар. Оның бағасы – 31-551 еуро (13 000 – 232 000 теңге).

9 наурызда қазақстандық әнші Мәскеудегі «Мегаспорт» спорт сарайында ән айтады. Билеттің құны – 2 500 – 50 000 рубль (15 000 – 307 000 теңге).

Ал 11 наурызда Димаш Украина астанасы Киевте өнер көрсетеді. Билеттерді сатуға арналған сайтта әншінің жеке концертіне ерекше жарнама жасалыпты.

«Жеке концерттен ерекше әсер аласыз. Сіздер әншінің талантына куә болып, эксклюзивті шоуды көруге мүмкіндіктеріңіз бар», - делінген хабарламада. Билеттің бағасы – 700-15 000 гривен (11 000 – 245 000 теңге) аралығында тұрады.

Германия мен Чехия тұрғындарының да Димаштың өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар. Алты октавалы әнші 19 наурызда Гамбург қаласындағы Barclaycard Arena-да жеке концертін береді. Концерт сағат 20:00-де басталады. Билеттің бағасы – 45-329 еуро (18 000 – 138 000 теңге).

Сондай-ақ, Димаш 21 наурызда Дюссельдорфта өнер көрсетеді.

25 наурызда қазақ әншісі Прагадағы TipSport-Arena спорт кешенінде ән шырқайды. Концерт кешкі сағат 20:00-де басталады. Билеттерді 35-349 еуроға (14 000 – 147 мың теңге) сатып алуға болады.

29 наурыз күні әнші Германияның Штутгарт қаласында сағат 20:00-де жеке концерт береді. Билеттің бағасы – 35-329 еуро (14 000 – 138 000 теңге).

Ал 4 сәуірде Димаш Құдайберген сағат 19:00-де «Минск-Аренада» өнер көрсетеді. Билеттер 75-400 беларусь рублі аралығында (13 000 – 72 000 теңге) болады.