ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 140 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

«Қазақфильмнің» 185 фильмі прокатқа шықпай қалған

Есеп комитеті мәдениет саласында бірқатар қаржылық бұзушылық болғанын анықтады

Фото: sputniknews.kz

«Қазақфильм» АҚ-ға 2018-2019 жылдары бюджеттен 1 млрд 129 млн теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде фильм өндірісін есептемегенде түскен пайда - 638 млн теңге ғана. Бұл туралы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің отырысында комитет мүшесі Талғат Жақан мәлімдеді.

«2010 жылдан бастап жазылған 48 сценарий бойынша фильм түсірілмей қалған. Ал түсірілген 325 фильмнің 185-і прокатқа шықпаған. Шығын көлемі - 19 млрд теңгеден асады. Прокаттар шығынды жаба алмаған. Жалпы, 9 жыл ішінде «Қазақфильм» 161 фильм шығарған (прокатқа - авт.). Оларға кеткен шығын 42 млрд 951 млн теңге. Түскен пайда 697,9 млн теңге. Яғни шығынның 1%-ы ғана», - дейді комитет мүшесі.

Сонымен бірге Талғат Жақан қазіргі уақытта «Қазақфильм» АҚ ғимаратының тозғанын, заманауи жабдықтар жоқтығын атап өтті.

Оқи отырыңыз: «Томирис» филімінен жарты миллиард теңге табыс түскен

Ал 2019 жылдың 1 қазанындағы мәліметке сәйкес, кино саласын бақылайтын «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қолдау орталығы» АҚ жұмысына 126 млн теңге ақша жұмсаған. Оған негізінен бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Яғни, ақшаны жыл соңына дейін игере алмауы мүмкін.

Есеп комитеті мәдениет және спорт министрлігінен жалпы 343,9 млн теңге қаржылық бұзушылық болғанын анықтаған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан