Димаш Құдайбергеннің Ақтөбедегі үйі туристер тамашалайтын орынға айналуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Әзірге бұл туралы тек келіссөздер жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде белгілі әнші Димаш Құдайбергенмен байланысты туристерге арналған арнайы жерлер пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, жанкүйерлерге арналған мұндай орындарды ұйымдастыру бойынша келіссөздер қазір өнерпаздың өкілдерімен жүргізілуде.

«Негізі жоспар бар. Туризм үшін Димашпен байланысты орындар өте тартымды. Қазір сондай жер таңдап қойдық. Ол оның үйі. Әрине, көп нәрсе оның қалауы мен еркіне байланысты болады», – деді аймақ басшысы.

Әкім карантинге қарамастан, Ақтөбеде осымен үшінші рет "Бақытты бала" балалар музыкалық фестивалі өтіп жатқанын айтты. Димаш – бұл байқаудың тұрақты қонағы.

«Димаш – бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Ол өзінің таланты арқылы елімізді, сондай-ақ өңірімізді барша әлемге таныта білді. Бірақ мұндай істе белгілі бір коммерциялық және ұйымдастырушылық тұстар бар», – деді Оңдасын Оразалин.