$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2021, 16:47
Мәдениет

Кальмар ойыны – капитализмнің өнімі – Әсия Бағдаулетқызы

Netflix үздіктерінің қатарына кірген сериалдың феномені неде?

Кальмар ойыны – капитализмнің өнімі – Әсия Бағдаулетқызы

Соңғы уақытта корей фильмдері, сериалдары мейнстримге айналды. «Паразиттер» фильмі рекорд жаңартып, «Оскар» жүлдесін алды. Енді көпшілік Netflix үздіктерінің ондығында көш бастаған «Кальмар ойыны» сериалын ауыздан тастамай айтып жүр.  Бұл сериалдың феномені неде, аталған сериал Қазақстан реалында түсірілсе қандай ойындарды таңдар еді, ойын қатысушылары қандай әлеуметтік типтегі адамдар болатын еді деген сұрақтарды Azattyq Rýhy тілшісі түрлі саланың мамандарынан сұрап көрді.

СЕРИАЛДЫ ЕРЕКШЕЛЕП ТҰРҒАН НЕ?

Белгілі киносыншы Әсия Бағдаулетқызы:

«Кальмар ойыны» – капитализмнің өнімі. Ол бір жағы капиталистік жүйенің беймазалығын дөп басқан, ал екінші жағынан капиталистік қоғамда табысты болуды терең меңгерген Netflix арқылы тарап отыр. Оның бүкіл дүние жүзінде табысты болуының негізгі сыры сонда деп ойлаймын. Адамзат капиталистік жүйенің уысына мықтап түсті (бұл Кореяға ғана тән құбылыс емес) және оның қыл бұрауынан құтылар жол да, жақсырақ балама жүйе де көріп тұрғанымыз жоқ. Капитализмде адам әлемге тұтынушылық көзқараспен қарай бастайды, және өзі де тауарға айналып кеткенін байқамай қалады.

Капиталистік беймазалық деп отырғаным осы. «Менің өмірімнің құны қанша?» деген ой, ақшаның адам өмірінен де бағалы болуы – адам баласының тынышын алады, және қызылды-жасылды дүниеге елітіп жүргенмен, жан-дүниесінде ақырын ғана бас көтеретін мазасыздық пен құсаны тудырады. «Кальмар ойыны» осы, география талғамайтын мазасыз күйді дөп басқанымен де әлемге қызықты болған сияқты.

Әрине, символикалық бояулар, костюмдер, сет дизайн, суық тонды жарық, әбжіл монтаж сияқты мизансцена элементтері сәтті шыққан, кәсіби орындалған. Негізгі оқиға желісі қызық; әлбетте НВО-ның «Батыс әлемі» (Westworld) сериалы, жапониялық «Патшалық соғыс» (Battle Royale), Голливудтың «Аштық ойыны» (Hunger Games) фильмдері сияқты дистопиялық туындылардың ықпалы анық сезіледі. Сондықтан да ерекше жаңашылдық бар деп айта алмаймыз. Драматургиялық тұрғыда мұнда циник кейіпкерлермен қатар тым қарапайым, ашықауыз кейіпкерлер де бар. Ли Джунг Джае сияқты кейіпкерлерден, мәселен, азиаттық киноға ғана жарасатын аңқаулық, тазалық, алыс-жұлысқа бейімсіздікті көресіз. Азиаттық киноға тән экспрессивті ойын да бар.  Бірақ бұл сериалды ерекше етіп тұрған «ұлттық сипат» емес. Әлемнің кез келген елінде өтуі мүмкін оқиға, адамзаттың бәріне ортақ әлеуметтік теңсіздік мәселесі және бәрінің ішінде бар беймазалық – бұл сериалмен эмоциялық байланыс осы дүниелерге негізделген.

КОРЕЙ КИНОИНДУСТРИЯСЫ ЖАЙЛЫ

Әрине, қосымша фактор ретінде әлемнің экраннан ақ нәсілді халықтарды ғана көруден жалыққаны, Голливудтың өзі көрерменінің көпшілігі Америка мен Еуропа емес, Қытайда екенін ескеріп, азиат нәсілді кейіпкерлерді алға шығара бастағаны да рас. Корей киносы өзіндік келбеті бар, эстетикалық тұрғыда тартымды, эмоциялық тұрғыда шиыршықты, жанр ережелеріне бағынбайтын, және жоғары кәсіби деңгейде жасалған өнім ретінде таныла бастады.

Корей эстетикасы деген Тарантиноға бергісіз қатыгездік пен Дэвид Финчерге бергісіз беймазалықтың, Терренс Маликқа бергісіз кадр сұлулығы мен Стивен Спилбергке бергісіз гуманизмнің қосындысы іспетті. Былтыр «үздік фильм үшін», «үздік режиссер», «үздік монтаж», «үздік суретші жұмысы», «үздік сценарий» сияқты аталымдарда «Оскар» алған «Паразиттен» кейін биыл корей актрисасы Йоң Ю Жұң «үздік актриса» аталды. Мұның бәрі бір күнде, жекелеген суреткерлерге келе қалған табыс емес, көп жылдық, саннан бұрын сапаға мән беріп келген бүтін киноиндустрияның, керек десеңіз бүтін мәдениеттің жемісі. К-попты дүниеге әкеліп, әлемдік феноменге айналдырған корей креатив индустриясы жергілікті, ұлттық сипаттағы емес, заманауи, гибридті, жаһандық сипаттағы мәдениетті Еуропа мен Америкадан басқа жерде қалай жасауға болады дегеннің айқын мысалы.

Біздің үміт пен қисынға салғанда, бұл бағытта корей мәдениеті тек корей емес, күллі азиаттық кино мен мәдениетке ізашар деуге болатын шығар.

«КАЛЬМАР ОЙЫНЫ» ҚАЗАҚСТАН РЕАЛЫНДА ТҮСІРІЛГЕН БОЛСА...

Аршат Ораз, IT маман:

Бұл сериал Қазақстанда түсірілсе  «Арқан тарту» ойыны  міндетті түрде болар еді. Сосын «Аударыспақ» ойынын жұптарға бөліп ойнатар едім. Біреуі екіншісінің мойнына мінеді де басқа жұппен күш сынасады.  «Асық ату» да әлбетте бұл концепцияға сыйып кетер еді. 1-турға «Жасырынбақ» ойыны идеал болар еді. «Соқыр теке» де сериалдың идеясын бұзбас еді. Жалпы қай халықтың ойыны болса да, балалар ойынының ересектерге адаптациясы қатігездеу болатынын көрсетеді және балалардың бейкүнә ойындарының астарында да негізі әділетсіздік, ереже бұзу, қулық істеу бар екенін бейнелейді. Қазақстанда орта сынып жоқ деуге болады. Адамдар я кедей, я бай. Орта өте аз. Айлығы жетпейтін адамдардың бәрінде несие бар. Букмекерлерге тәуелді лудомандар да көп, алтын-күмісін ломбардқа өткізгендер де. Сондықтан мұндай ойынға қатысатын адам табу қиын болмас еді.

Нұрмұхаммед Байғара, журналист:

Сериалда таңдалған кейіпкерлер тегін емес. Бәрінің де қарызы бар не қаржылық проблемаларға белшесінен батқан адамдар. Олардың көпшілігінің ойынның қауіптілігіне қарамай оған қайта оралуының себебі сол. Бір сәтте бар проблемасын шешкісі келеді. Режиссер осы арқылы қоғамдағы осы типтегі адамдардың мәселесін көтергісі келген болар. Біздің елде де мұндай кісілер аз емес. Біздің қоғамда да қарызға батып, одан құтылу үшін кез келген әрекетке баруға дайын азаматтар да кездеседі. Егер бұл сериал Қазақстанда түсірілсе, сұраныстағы, қаралымы көп туындыға айналар еді. Көп адам сериалдан өзін, таныстарын «табар» еді.

Айта кетейік, сериалда қантөгіс сахналары көп. Сериал сюжеті өмірде қарызға белшесінен батқан әртүрлі әлеуметтік типтегі адамдар ақша үшін бала кездегі ойындарды ойнайды. Ойын ережесін дұрыс орындамаған қатысушы сол мезетте өлім жазасына кесіледі.

Айжан Бақдаулетқызы, Алматы

Серіктес жаңалықтары