«Кинематография туралы» заңға өзгерістер енуі мүмкін
Киностудиялар бұдан былай фильмнің түпнұсқа нұсқасын міндетті түрде қазақ тілінде дубляждауы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдениет және спорт министрлігі Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Заң жобасына түзетулер міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Сондай-ақ, сөздердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданды.
Қазіргі уақытта мүдделі органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен және кинематография қайраткерлерінен жасақталған жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобы 10-нан астам отырыс өткізді. Онда кинематографияның кинокомиссияларды құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бөлігіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Орындалуы алдағы уақытта да жобалық кеңсе арқылы қадағаланады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қазақ тіліндегі 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер 1,4 миллиард теңге бөлді.
Заң жобасы Үкіметте биыл қазан айында қаралады. Содан кейін ол желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі. Жол картасына сәйкес 2022 жылы Заңды қабылдау жоспарланып отыр.