Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау ұлттық саясаттың бір бөлігі болуға тиіс - Болашақ

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақша дубляждалған «Лука» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті

Елордада көптен күткен жыл премьераларының бірі – болашақтықтар қазақ тіліне дубляждаған Pixar студиясының «Лука» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті.

Осыдан тура 10 жыл бұрын - 2011 жылдың маусым айында Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен алғаш рет қазақстандық кинопрокатқа ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне дубляждалған Disney студиясының «Көліктер 2» анимациялық фильмі шықты.

Содан бері еліміздің кинотеатрларында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures және т.б. әлемнің жетекші киностудияларының қазақ тіліне дубляждалған 35 фильмі көрсетілді. Жобаның арқасында қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және Walt Disney компаниясының тарихында 39-шы тіл болды. 100-ден астам отандық актер Walt Disney Pictures-тің дауыс базасына енді.

«Лука» мультфильмі – «Nur Otan» партиясының, сондай-ақ жанашыр демеушілер мен меценаттардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Өзіңнен баста» жобасы аясында «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасымен дубляждалған 37-ші картина. Жобаның идеялық ынталандырушысы – «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

«Биыл «Болашақ» қоры мен «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Аталған жоба әрбір қазақстандықтың ана тіліндегі жоғары сапалы шетелдік киноконтентке қолжетімділік құқығын іске асыруға септігін тигізуде. Соңғы жылдары біз жоба балалар мен ересектерге арналған мемлекеттік тілде сапалы мультимедиалық контентті құру бойынша ұлттық саясаттың бір бөлігі болу үшін қарқынды жұмыс істеп жатырмыз», - деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.

Ол қордың кинематография мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайтын Жұмыс тобының құрамына кіретінін атап өтті. Бұл ретте анимациялық фильмдер және отбасымен көруге арналған фильмдерді дубляждауды қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту – «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі бекітілген Жол картасының индикаторларының бірі.

«Біз балалар контенті мен отбасымен көруге арналған шетелдік фильмдерді дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету, прайм-тайм сеанстарының уақытын реттеу, мемлекеттік және өзге тілдердегі киносеанстардың үлестерін бөлу, отбасымен көруге арналған фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын прокатқа шығаратын кинотеатрлар үшін салық преференцияларын енгізу мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныс енгіздік. Мәдениет және спорт министрлігінің уәкілетті орган ретіндегі міндеті – оларды іске асыру бойынша толыққанды жауапкершілік алу», - деп толықтырды Динара Шайжүнісова.

Жалпы, «Nur Otan» баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, билеуші партия өзінің сайлауалды уәделерін іске асыру аясында мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын кеңейтуге, қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшаларды көбейтуге, сондай-ақ дәстүрлі мәдениет пен ұлттық спорт түрлерін қолдауды жалғастыруға ниетті.

Алдын ала көрсетілімге «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің құрметті мүшесі, Нұр-сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қатысты.

«Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мемлекеттік тілді дамыту үшін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еңбек етіп келеді. Президент ана тілімізге ерекше көңіл аударып, мемлекеттік дәрежеде қолдау білдіріп келеді. Сондықтан «Болашақ» қорының «Өзіңнен баста» жобасы — қазақ тілінің дамуына қосқан зор үлесі. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген жоқ, мұның бәрі демеушілердің арқасында жүзеге асты. Біз осы орайда оларға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Алтай Көлгінов.

«Лука» фильміне кастингке Нұр-Сұлтан қаласынан 32 актер қатысты. Мамандардың айтуынша, дубляждау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне аударылып қана қоймайды. Онда тілімізге тән сөздер қолданылып, әзілдер сөзбе-сөз аударылмай, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылған.

Мысалы, «Лука» фильмінде мағынаны неғұрлым айқын жеткізу үшін «Отпен ойнап жүрміз», «Аузыңа май, астыңа тай» деген сияқты тағы да басқа қазақ фразеологизмдері қолданылды.

Фильмнің дубляж режиссері Назерке Леспекқызының пікірінше, мұндай мәліметтер фильмді балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де түсінікті әрі күлкілі етеді.

«Дубляж жұмысының қиындығы актерлік шеберліктен кем түспейді. Оның үстіне, кішкентай бөлмеде, ешқандай көрерменсіз, олардың қолдауы мен қошеметінсіз ойнау оңай емес. Актерлік кәсіпті енді ғана меңгеріп келе жатқан балаларға ерекше қиын болды», - деп атап өтті режиссер.

«Лука» - итальяндық жас режиссер, «Оскар» сыйлығына үміткер Энрико Касаростың дебюттік таспасы. Картина әлемге әйгілі композитор Эннио Морриконды еске алуға арналған. Итальяндық Ривьераның ең жарқын әсем пейзаждары, ұлттық музыкасы, барлық кейіпкерлердің жігерлі де қызуқанды мінез-құлқы ешкімді бейжай қалдырмайды.

Қазақстан кинотеатрларында фильм бүгін, 17 маусымда қазақ және орыс тілдерінде шығады. Ал содан соң «Лука» ivi және Megogo онлайн-кинотеатрларында қазақ тілінде көруге болатын шетелдік фильмдер топтамасын толықтырады.

Айта кету керек, «Лука» – бұл «BI Group» құрылыс холдингінің демеушілігімен дубляждалған 12-ші фильм.