Елорда әкімі мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Жылдан-жылға мәдени мекемелерге келушілер саны артып келеді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында мәдениет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қаламызды шығармашылық жетістіктермен танытып, көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен үлес қосып келесіздер.

Сіз театрларда, мұражайларда, кітапханаларда, өнер үйлерінде, шығармашылық студияларда тынымсыз еңбек етесіздер. Пандемия кезінде жұмысты қайта бағдарлап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлауды тоқтатпадыңыздар.

Өз тарапымыздан қызметіңізге қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс атқарып жатырмыз: мәдени нысандарды жөндеп, мекемелер желісін кеңейтудеміз. Бірігіп ашық аспан астында шығармашылықпен бөлісуге, пікірлестерді табуға, жас буынды шабыттандыруға және тәлім беруге болатын орындар ашып жатырмыз.

Жылдан-жылға мәдени мекемелерге келушілер саны артып келеді. Премьералық күндері спектакльдер мен қойылымдарға билеттерді алдын ала сатып алу қажет – бұл бүкіл ұжымның атқарған орасан зор еңбегін көрсетеді. Көрермендердің қызығушылығын сақтап қалу оңай емес. 

Мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық идеялардың жүзеге асуын, табыс пен шабыт тілеймін!» — деп жазды елорда әкімі.