Уәлиханов пен Потанинге қойылған монументалды мүсінінің тұғыры сынған
Мониторинг тобы Павлодар қаласындағы скверлер мен саябақтардағы ескерткіштердің жағдайын бағалады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметі бойынша, облыс орталығы аумағында тарихи-мәдени маңызы бар 77 нысан және монументалды құрылыстар бар. Оның ішінде сәулет ғимараты - 40, ескерткіш - 28, бюст - 11.
«Павлодар қаласының жергілікті атқарушы органдарының балансында 27 ескерткіш және 11 бюст бар. Мониторинг тобы скверлерде, саябақтарда және т.б. орналасқан монументалды құрылыстардың жай-күйін тексерді. Зерттеу қорытындысы бойынша хаттама жасалып, ескерткіштер мен мүсіндердің, мемориалдық кешендер мен құрылыстардың, тұғырлар мен оларға іргелес аумақтардың жай-күйін мұқият зерделеу кезінде 8 ескерткіш құрылысын есепке алмағанда, қалғаны жақсы жағдайда екендігі анықталды», - делінген хабарламада.
Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің монументалды мүсінінің тұғыры сынған және фрагменттері бүлінген. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал (Астана-Қайырбаев көшелерінің қиылысы) – стелланы, тұғырларды, сынған фрагменттерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қажет.
Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші (Академик Сәтпаев көшесі) – тұғырды, сынған фрагменттерді және қаптауыш тақтайшаларды қалпына келтіру жұмыстары талап етіледі.
Қалижан Бекхожиннің монументалды мүсіні (Академик Сәтбаев көшесі) - тұғырдың негізін қалау тақташасын ішінара жөндеу қажет.
Майра Шамсутдинованың бюсті (Ткачев - Майра көшелерінің қиылысы) – тұғыр негізінің плиткаларын ішінара жөндеу керек.
Малайсары батырдың монументалды мүсіні (Н. Назарбаев даңғылы) – тұғырдың қаптамасын, тұғырдың негізін қалау тақташасын, Кеңес Одағының батыры К.Камзиннің ескерткіші (Камзин көшесі) – ескерткіштің қаптамасын, тұғырдың негізінің тақтайшаларын, сынған фрагменттерді, парапет пен баспалдақтарды, азаматтық соғыс құрбандарының жаппай бейіті (қалалық саябақ) тұғырдың мәрмәр негізін ішінара жөндеу қажет.
Қазір Қ.Сәтбаев ескерткішін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Басқа да монументалды құрылыстар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.