«Менің крышам мықты»: Димаш Құдайберген атасымен шахмат ойнады

Автор: Azattyq Rýhy

Әжесі Миуа Низамутдинова Димашқа болысты

YouTube желісінде белгілі әнші Димаштың атасы Құдайберген Айтбаевпен шахмат ойнап отырған видеосы жарияланды. Атасы мен немересінің ойынын тамашалап отырған Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова бұл «жарыста» кімге болысатынын айтты.

«Мен әрдайым Димаштың жағындамын. Мені бұрыннан «Димаштың адвокаты» деп атайды. Себебі, мен оны бала күнінен үнемі қорғап шығатынмын. Ол туралы біреу айтып келіп жатса (шағым - ред.), үнемі оны жақтап, арашалап алып шығуға тырысамын», - дейді әжесі.

Сондай-ақ Миуа Низамутдинова Димаштың кімге тартқаны жайында да айтты.

«Көзінің үлкендігі, шашының қалыңдығы... Атасына ұқсаған тұсы көп. Атасы да жас күнінде осындай болды. Маған да ұқсайтын жерлері бар. Мәселен, маған қаралығы тартқан», - деп жауап берді.

Әжесінің сөзін тыңдап отырған Димаш «еркекке қара болған жарасады ғой» деп, әңгімеге араласты.

«Қанша ұлық болсаң да, кішік болған жақсы. Елдің маған Димаштың қарапайымдылығы жайлы айтқаны ұнайды. Менің балама жанашыр болғандарыңыз үшін шын жүректен ризамын», - деді атасы Құдайберген Айтбаев.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында танымал әнші Димаштың атасы Құдайберген Айтбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.