«Тақиялы періште» 85 жасқа толды

Автор: Azattyq Rýhy

Ардагер актер Әлімғазы Райымбеков – Талдықорған қаласының тұрғыны

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Тақиялы періште» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Әлімғазы Райымбековті қабылдап, 85 жасқа толуымен құттықтады. Пандемияға байланысты танымал актердің мерейтойы шағын ортада өтті.

«Тақиялы періште» фильміндегі рөліңіз арқылы бүкіл халық сізді жақсы біледі. Өзіңіздей азаматтың біздің Жетісу өлкесінің тұрғыны болғаны – біз үшін мақтаныш. Қашанда ақ жүрегіңізбен, қарапайым үлгіңізбен үлкендік қасиетіңізді көрсетіп, елге шынайы тілекші болып, батаңызды беріп жүресіз. Осындай еңселі қалпыңызда жүзге жетіңіз. Ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, аман-есен жүріңіз. 85 жасқа толуыңызбен жұртшылықтың атынан құттықтаймын», - деген облыс басшысы ардагер актердің иығына шапан жапты.

Сондай-ақ ардагердің зайыбы Гүлжауарға сый-сияпат көрсетілді. Әлімғазы ақсақал көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

«Мерейтойымды елеп, арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетіп жатқандарыңа көп рахмет. Ел басындағы азаматтардың еселі еңбегіне халық риза. Көптің ішінде жүргенде естіп жүреміз. Осы бағытымыздан таймай, еліміз тыныш, жұртымыз бірлікте болып, осылай өсіп-өркендей берейік. Ең бастысы дендерің сау болып, биіктен биікке жете беріңдер», - деп батасын берді Ә. Райымбеков.

«Тақиялы періште» – Кеңес уақытында түсірілген қазақ комедиясы. Режиссері — Шәкен Айманов. Тұсаукесері 1969 жылы өтті. Фильм Алматы қаласында түсірілген.