«Ясауи ізімен»: Түркістандағы тайқазанды құйған шебер кім?

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалымдар экспедициясы Созаққа барды

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысындағы Созақ өңіріне Қожа Ахмет Ясауи тарихын қайта түгендеу, балалық шағынан бастап шәкірттеріне дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру мен тың деректер іздеу мақсатында арнайы экспедиция барды. Бұл шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мұрындық болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ясауи ізімен» тарихи-деректі экспедиция сырлы Созақ өңіріндегі Қожа Ахмет Ясауидің бабасы мен шәкірттері жайында және әйгілі тайқазанды құйған шебердің мұраларын зерттемек.

Созақта 500-ден аса тарихи, киелі, шежірелі орындар мен кесенелер бар. Бұл аудан Қожа Ахмет Ясауидің тарихымен де тығыз байланысты. Айшылық алыс жердегі күллі қауымға бас идірген Әзірет Сұлтанның шыққан тегі мен бабалары да даналық пен даралықтың ерекше жаратылыс иелері, дейді экспедиция мүшелері.

 

«Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихы жайлы білгенімізден білеріміз әлі де көп. Ясауидің ізімен жүріп, ата-анасы мен бабаларынан бастап тарихын зерделеп, шәкірттеріне дейінгі мәліметтерді тереңдей зерттеу, іздестіру – алдымызға қойған басты мақсат. Әрбір ұрпақ Ясауи десе көк күмбезді кесенені ғана елестетіп қоймай, оның шыққан тегін, тарихи тұлғалармен байланысын да білуі абзал. «Ясауи ізімен» тарихи-деректі жобасының да көздегені осы. Ясауи ілімі де қаншама елге таралған. Алдағы уақытта бабамыздың жолымен жүре отырып, ауқымды дүниелерді топтастыруымыз тиіс», - дейді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Пайғамбарымыз бен Әзірет Әлінің тікелей ұрпағы болып келетін Ысқақ баб кесенесі Созақта жатыр. Қожа Ахмет Ясауи Ысқақ баптың кіндігінен тараған ұрпағы. Ел қарияларының айтуына қарағанда, дін уағыздаушылары Ысқақ бабтың сағанасына мешіт-мазар салуды 1883 жыл шамасында қолға алған десе, зерттеуші-ғалым В.Колоссовский 1901 жылы Ысқақ баб сағанасына 1025 жыл болғанын жазып қалдырған. Сонда сағана 876 жылы салынған боп шығады.

«Ысқақ баб Түркістанға хижра санауы бойынша 150-жылдары келді деп көрсетілген. Сол кездегі дала түріктерінің ең шеткі шекарасы болып саналған Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының басына қоныс теуіп, осында қоныстанған.  Мешіт, медресе салып, бала оқытып, осындағы ру-тайпалардың исламға бет бұруына себепкер болған. Сол жерге жерленіп, басына сағана тұрғызылған. Содан бері ұлы шайхының жатқан жерін жергілікті халықтар Баб-ата деп атап кеткен», - дейді Созақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубекова.

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған тайқазанның тарихына үңілу. Ясауи қайтыс болғанда жаназасын оқыған әрі оның рухани пікірлесі болып келетін Қарабура кесенесі де осы Созақта.

Зерттеушілер осы жолы береке мен бірліктің символы болған тайқазанды Қарнақта өз қолымен құйған шебер Әбдуләзиздің басына барды. Оның Созақ ауданына жерлену тарихы жайлы жергілікті өлкетанушы-тарихшылармен тілдесті.

Өлкетанушы Нұрмахан Сейітмаханұлының сөзінше, жергілікті халық Әбдуләзиз жерленген жерді «Қазаншы ата әулие қорымы» деп атайды. Әулие атына байланысты әңгімелерге қарағанда Әбдуләзиз ұста әйгілі Әмір Темірдің бұйрығымен тайқазанды құйып бітірген. Сосын шеберге Қожа Ахмет Ясауи аян беріп, Меккеге сапарлатып, жерленетін топырағы Қарабура әулие кесенесі жанында болатынын сездірген дейді. Сол себепті Қазаншы әулие мен Қарабура әулие кесенесі бір-біріне жақын жерде орналасқан.

Қожа Ахмет Ясауи тарихымен байланысты сырлы Созақ өңірінде жерленген тұлғаларға қатысты зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады. Алдағы уақытта тарихшы-шежіреші қариялар мен өлкетанушылардың мәліметтері және түрлі жазба деректер жинақталып, арнайы кітаптар мен деректі фильмдер даярланады дейді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры.

Ришат Асқарбекұлы, Түркістан облысы