Димаш Құдайберген Жапония телеарнасына сұхбат берді

Автор: Azattyq Rýhy

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Жапонияның NHK ұлттық арнасына қазақша сұхбат берді

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Жапонияның NHK ұлттық арнасына сұхбат берді. Бұл туралы әншінің өзі Іnstagram парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарихы терең осынау елге қонақ болып келгеніме өте қуаныштымын», - деді Димаш.

Ол әр елде өнер көрсетіп, осы деңгейге жетіп отырғаны ең алдымен ұстаздарының арқасы екенін айтты.

«Қазақстанда туып, дүние есігін ашқаныма ерекше қуанамын, мақтан етемін. Әлемнің қай түкпіріне барсам да, қазақтың өнерін көріп өскен, қазақтың суын ішіп, балын жеген бала екендігімді ерекше мақтан тұтамын», - деді Димаш.

Жапон журналистері қазақтың домбырасына деген таңғалысын жасыра алмай, Димаштан домбыраның сыйқыры неде екенін сұрады.

«Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ол жай аспаптан да үлкен дүние», - деді Димаш.

Әнші сондай-ақ, реті келсе Жапонияда үлкен концертін өткізіп, жапон жанкүйерлерін домбыра үнімен сусындатуға уәде берді.