Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Кинотеатрлар 5-15 млрд теңге арасындағы табысынан айырылды

Пандемия басталғалы кинотеатрларда еңбек еткен 5 мыңнан аса адам жұмыссыз қалған

Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі пандемиядан ең қатты зардап шеккен отандық кинотеатр иелері десек болады. Жақында ғана құрылған Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, кәсіпкерлер 5 пен 15 млрд теңгенің арасындағы табысынан айырылған. 

Алайда, бұл әзірге нақты сандар емес. Шығынның нақты есебі карантин толығымен аяқталғаннан кейін мәлім болады. Өйткені жағдай әлі де тұрақсыз.

Карантин жарияланғанға дейін елімізде барлығы 90-нан астам кинотеатр жұмыс істеп тұрды. Мунира Ягудина залдардың ашылуына рұқсат берілген күннің өзінде олардың түгелдей іске қосылуы екіталай екенін айтты. Өйткені қазірдің өзінде 7 кинотеатр өз жұмысын толықтай тоқтатқан. Бұл туралы forbes.kz  мәлімдеді.

«Кинотеатр - өте қымбат бизнес. Бір ғана кинозалды ашуға қомақты қаражат керек. Сондықтан да бүгінгі күні кинотеатр иелері бұл бизнесті тастап кете алмайды. Өйткені ондағы техникалар мен жабдықтарды сатудың өзі қазір мүмкін емес дүние. Пандемия кезінде мұндай бизнес кімге керек? Менің ойымша, жағдай тұрақтанғаннан кейін бұл саладағы кәсіпкердердің саны біршама қысқарады», - деді Мунира Ягудина.

Суретте: Мунира Ягудинаның жеке мұрағатынан

Кинотеатр иелері кәсіптерін «қараусыз қалған балаға» теңейді. Өйткені елде қыркүйек айының басынан бері карантин режимі жеңілдетіліп, көптеген нысандардың жұмысына қайта жан біте бастады. 

«Бұл - қоғамға керек сала. Өйткені адамдарға мәдени демалыс керек. Қазірдің өзінде жұрт мейрамханаларда, клубтарда жиі жиналады. Бұл орайда кинотеатр өзге демалыс орындарымен салыстырғанда ең қауіпсіз орын дер едім. Қисынға келмейтін дүниелер көп. Мәселен, ұшақтар ұшып жатыр, мейрамханалар жұмыс істеп жатыр. Алайда бізге рұқсат жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, киноны үйде де көруге болады. Жарайды, солай дейік, онда асты да үйден ішуге болады емес пе? Менде осы орайда сұрақ туындайды. «Билік өкілдері расымен де түсінбей ме? Әлде бұл кинотеатрларды осылай жоқ қылудың амалы ма?», - дейді «Кинотеатрлар альянсының» президенті.

КИНОТЕАТРЛАР ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАСТЫРЫЛА БАСТАДЫ

Жанайқайларын жоғарыға жеткізе алмай дал болған кәсіпкерлерді тағы бір мәселе толғандырып отыр. Эпидемиологиялық ахуал аталған бағыттағы 5 мыңнан аса адамды жұмыссыз қалдырған. 

«Карантин жарияланған уақытта жұмысшыларға қолдау ретінде қандай да бір әлеуметтік төлемақы беріліп келді. Тамыз айының ортасынан бастап ешкім ешқандай көмек алған жоқ. Өйткені әлеуметтік көмек беру жүйесі тоқтатылды. Қазір барлық жұмысшылар ақысыз еңбек демалысында», - дейді Мунира Ягудина.

Жеті ай бойына тұралап қалған кинотеатрлар мәселесі осыған дейін де талай мәрте сөз болды. Алайда мәдени ошақтың есігі сол күйі жабық тұр. Тығырыққа тірелген бизнес иелері тіпті, онлайн петицияға өтініш беріп, Президент атына хат жазды. Бүгінде өтінішке 28 350 адам қол қойған. 

8 қазанда Денсаулық сақтау министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде Алексей Цой осы мәселеге қатысты сұраққа жауап берді.

«Кинотеатрлардың жұмысын жандандыру тұрғысындағы мәселені пысықтап жатырмыз. Қазіргі кезде осы индустрия өкілдерімен, «Атамекен» ҰКП тарапымен бағалау шараларын жүргізудеміз. Театрлардағы сияқты жеңілдету бойынша нақты ұсыныстар бар», - деді министр.

Кинотеатр иелеріне күтуден басқа амал жоқ сыңайлы. Алайда ашылған күннің өзінде қордаланып қалған қиындықтар аз уақыттың ішінде шешілмейді. Бұл туралы «Арман» киноорталығының атқарушы директоры Бауыржан Шүкенов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

ХАЛЫҚҚА ҰСЫНАТЫН КИНОЛАР БАР

«Рұқсат берген күннің өзінде, кинотеатрдың бірден жұмыс істеп кетуі екіталай. Өйткені ол өз-өзімен жұмыс істемейді. Оған кино керек, контент керек. Контентті әдетте басқа фирмалар жасайды. Дистрибьюторлардың мәселесінен де бейхабармыз. Олардың жағдайы не болып жатқанын ешкім білмейді. Қазіргі уақытта 2021 жылға жоспарланған көптеген фильмдердің түсірілім жұмыстары тоқтап қалғанын білеміз. Бұл да біз үшін үлкен проблема. Сондықтан да бұл 1-2 күннің ішінде шешілетін мәселе емес. Әрине, халыққа ұсынатын кинолар табылады. Өзіміздің отандық фильмдер жетерлік. Енді блокбастерлер болмаса да, В,С санатындағы кинолар бар. Бірақ солардың арасынан таңдау жасау қажет. Оның жарнамаларын дайындау керек. Бірақ кинотеатрлар жабық болғандықтан, онымен айналысып жатқан ешкім жоқ», - дейді Бауыржан Шүкенов. 

Суретте: Бауыржан Шүкенов, vlast.kz

Әзірге кинотеатрлардыңжалға алу мәселесі ғана шешілген. Сондықтан да ойын-сауық орталықтарының иелері ешкімді қыспаққа алып жатқан жоқ. Бірақ күні ертең кинотеатрлар жұмысын қайта бастаған жағдайда, қаражат мәселесі тағы да алдыңғы қатарға шықпақ. Бұл орайда «Билеттердің құны қалай болмақ?» деген сұрақ туындайды. Өйткені бизнес иесі жұмысын жүргізіп қана қоймай, табыс табуды да көздейтіні анық. 

«Қазіргі уақытта адамдардың жағдайы онсыз да мәз емес. Бұл орайда билеттердің бағасын көтеру ақылға қонымсыз. Біз ондай қадамға бармаймыз деген ойдамын», - дейді Бауыржан Шүкенов.

ОТАНДЫҚ КИНОТЕАТРЛАРДЫ БАНКРОТҚА ҰШЫРАДЫ ДЕУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ

Дегенмен отандық кинотеатрларды банкротқа ұшырады деуге әлі ерте. Өйткені бұл – капиталды бизнес. Инвестицияның басым бөлігі кинотеатрдың құрылысына кететінін ескерсек, компанияның құны арзан емес екені сөзсіз. Өз кезегінде «Chaplin» кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко бұл саланың, әсіресе, мемлекетке әкелетін пайдасын баса айтты.

«Биылғы кіріс сомасын 4 млрд теңге болады деп жоспарладық. Өкінішке қарай, енді бұл соманың 70 пайызы да түспейтіні белгілі. Былтыр компанияның табысы 3,5 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, 1 млрд теңгеден аса салық төледік», - дейді  Дмитрий Кириенко

Суретте: Дмитрий Кириенко, kapital.kz

ОТАНДЫҚ КИНОЛАРДЫҢ ТҮСІРІЛІМДЕРІ ТОҚТАП ТҰР

Мамандардың айтуынша, кинотеатрлар жұмысының тұралап қалуы киноөндіріс бағытына да кесірін тигізіп жатыр. 

«Жалпы Қазақстандағы кинотеатрларды монетизацияға бағытталған бизнес түрі деуге де болады. Өйткені біздегі отандық фильмдердің 95 пайызы ішкі нарыққа арналған. Кинотеатрлардан бөлек, киноиндустрия саласында жұмыс істейтін 10 мыңнан аса адам бар. Сәйкесінше,  олардың жұмысына кіріс әкелетін табыс көзі осы кинотеатрлар. Олар да қазір біздегідей жағдайға тап болып отыр» - деді Chaplin кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко. 

Кинотеатрлардың ашылуын кәсіп иелері мен халықтан бөлек, режиссерлер да асыға күтуде. Өйткені қазіргі уақытта отандық режиссерлер түсірілім жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Осылайша, биыл 3 фильм таспалауды жоспарлаған режиссер Асқар Бисембин әзірге бір ғана картинаны түсіріп үлгергенін айтты.

«Отандық киноиндустрияның жағдайы көңіл көншітпейді. Өйткені бәрі табыссыз қалды. Тіпті бір-бірінен қарыз сұрап жатқандары да бар. Қазір біз бірнеше жобаны қағаз бетіне түсіріп жатырмыз. Қысылтаяң кезеңге тап болсақ та, жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Барлығы өз ретіне келеді деген ойдамыз» - дейді режиссер Асқар Бисембин.

 

СуреттеАсқар Бисембин, brod.kz

Мамндар кинотеатрлар қайта аяққа тұруы үшін кем дегенде, 1,5-2 жыл уақыт керек екенін айтады. Сондықтан да еліміздің киноиндустрия өкілдері бұл бағыт толықтай құрдымға кетпей тұрғанда, ел билігі ертерек қамданғаны жөн деп отыр. 

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан