Кинокөрсетілім аясында неміс тіліндегі «Абай» кітабы таныстырылды
Германияда алғаш рет «Құнанбай» көркем фильмі көрсетіліп, «Абай» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар сериясының жалғасы ретінде Қазақстан елшілігі Берлиндегі танымал Zoo Palast кинотеатрында «Құнанбай» тарихи кинодрамасының көрсетілімін ұйымдастырды.
Фильмнің тұсаукесерінде елші Дәурен Кәріпов «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында елшілік неміс баспаларымен бірлесе отырып, басып шығарған ақынның неміс тіліндегі шығармалары мен өшпес мұрасы туралы айтып берді.
«Сондай-ақ, кинокөрсетілім аясында жиналған неміс саясаткерлері мен сарапшыларына, қоғам қайраткерлеріне, журналистерге және Берлин тұрғындарына тамыз айында Германияда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры жобасы аясында жарық көрген ақынның неміс тіліндегі «Абай» атты шығармаларының жаңа жинағы таныстырылды», - делінген хабарламада.