«Планета немесе пластик». Алматыда британдық фотограф Мэнди Баркердің көрмесі ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бірегей фотосуреттер көрмесі Қазақстанда жыл соңына дейін жалғасады. 

«Планета немесе пластик». Қазақстанда тұңғыш рет әлемге әйгілі эко-фотограф Мэнди Баркердің суреттер көрмесі ашылды. Баркердің жұмысы Алматы қаласындағы Телли галереясында көрермен назарына ұсынылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МАҚСАТЫ – ПЛАНЕТАНЫ ҚОҚЫСТАН ҚҰТҚАРУ

Сурет өнері саласында көптеген беделді марапаттардың иесі Мэнди Баркердің теңіздердегі пластикалық қалдықтар туралы фотосуреттері соңғы 10 жыл ішінде бүкіл әлемге танымал болды. Олар барлығына сұлулықты күтпеген жерден де көруге болатындығын көрсетті. Оның жұмысының бірегейлігі – қалдықтарды керемет өнер туындыларына айналдыруында. Көрермендердің көбі олардың алдында пластикалық бейнелердің фотосы екенін бірден түсіне алмайды.

Баркердің фотосуреттері әсерлі. Оның жұмыстары 40-тан астам елдің беделді баспаларында, соның ішінде «National Geographic» журналы, «TIME» журналы, «The Guardian», «The Financial Times» және басқа да көптеген басылымдарда жарияланды. Олар БҰҰ-ның штаб-пәтерін, Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайын және Гонконгтағы ғылыми-технологиялық паркін қоса алғанда, бүкіл әлем бойынша көрмелерде өткізілді.

Батыл да көркем көзқарас және жетекші ғалымдармен, жалпы қоғаммен және ең беделді табиғат қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық Мэнди Баркерді бірегей фотограф және белсенді қылды. Ол маңызды әлемдік саяси және экологиялық конференцияларда сөз сөйледі және Стэнфорд университетінде дәріс оқыды. Баркер жұмысының мақсаты – біз өмір сүріп отырған әлемге қамқорлықтың маңыздылығын және болашақ ұрпаққа табиғатты сақтау қажеттілігін көрсету.

ТУЫНДЫЛАР КӨРЕРМЕНДІ ЕРІКСІЗ ОЙЛАНДЫРАДЫ

Қазақстандық фотосурет өнерін бағалаушылар назарына сан-алуан картиналар ұсынылған. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, Мэнди Баркер өз туындылары арқылы адамзатқа Жер шарын қоқысқа толып бара жатқанын жеткізеді. Ол Ұлыбританяның Лидс қаласында тұрады. Фотограф мұхиттар мен жағажайларды қоқыстан тазарту мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдармен жұмыс істейді.  Бірде зерттеу экспедияциясы Гавай аралдарындағы қоқыстың алып алқабына тап болады. Тұрмыстық қалдықтар 2011 жылы Жапониядан цунами салдарынан келген екен. Суретшіні осындай жағдайларды болдырмау үшін планета тұрғындарына қоқыстың қаншалықты өзекті мәселе екенін жеткізсем деген ойы шабыттандыратын болса керек. Оның өнерін тамашалауға келген көрермен қайталанбас әскер алғанын атап өтті. 

«Маған көрме өте ұнады. Автордың еңбектері шынымен ерекше. Адамның табиғатқа келтіріп жатқан зияны туралы еріксіз ойландырады. Қоршаған ортаның осынша зардап шегіп жатқаны өкінішті. Мэнди Баркердің еңбектері сурет өнерін түсінетін көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдімін. Қайталанбас әсерге бөлендім», - дейді Әлия Көкеева.

Автордың еңбектерінде қара түске басымдық берілген. Оны түрлі қалдықтар жауып жатады. Картиналар жер бетінде жыл санап көбейіп жатқан қоқысты көз алдыңа келтіреді.

70 ЖЫЛДА ПЛАСТИКТІҢ 6 МЛРД ТОННАСЫ ӨНДІРІЛГЕН

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1950-2018 жылдары жер бетінде пластиктің 6,3 миллиард тоннасы өндірілген. Оның тек 9 пайызы қайта өңделсе, 12 проценті өртелген. Пластикті жақсақ, ол атмосфераға улы заттар бөліп шығарады. Оның адам ағзасы мен қоршаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қазақстанда да қоқыс – өзекті мәселелердің бірі. 

«Қазір Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне көбірек көңіл бөлінетіні бізді қуантады. Біз Мэнди Баркердің тұтыну жауапкершілігі туралы туындыларын тағы бір рет еске салып, жастарды экологиялық мәселелер бойынша тәрбиелеу үшін әкелдік. Баршаңызды Достық даңғылы, 250-шы үй мекен-жайы бойынша орналасқан Телли галереясындағы Ұлыбританиядағы ең танымал фотографтардың бірінің жұмысының керемет эстетикасын жеке бағалауға шақырамыз. Көрме 10.00-ден кешкі 20.00-гей дейін жұмыс істейді. Ерекше фото өнерін сүйетін қауымды қуана қарсы аламыз», – деді өз ойымен бөліскен Telli Kazakhstan директоры Жанар Аленова. 

Қазақстандықтарды заманауи фотосуреттің қайталанбас туындыларымен таныстыру мақсатында 2015 жылы Алматыда Telli галереясы ашылған болатын. Жаһандық экология тақырыбы – Telli Gallery көрме бағдарламасындағы басты тақырыптардың бірі. Өнер қарым-қатынастың бір түрі ретінде тәрбиелеуге және қажетті ақпарат беруге қабілетті. Мэнди Баркердің жағдайында пластикті тұтыну және оның зиянды әсері туралы өзінің туындылары арқылы ол өзгелермен қатынасқа шығады. Көрменің кішкентай келушілері үшін әлемнің үлкен картасы жасалды, ол балаларға қоқысты дұрыс сұрыптауды ойын түрінде үйретеді.

«Планета немесе пластик» атты бірегей фотосуреттер көрмесі Қазақстанда жыл соңына дейін жалғасады. 

Эльмира Мәмбетқызы