Биыл ұлы ағартушының туғанына 185 жыл толады
Биыл қазақтың көрнекті ағартушысы, педагог, жазушы және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл. Сонымен қатар Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің ашылғанына 35 жыл. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі музей директоры Марғұлан Оспановпен байланысып, ағартушының мұрасы мен жерленген жері, музей қорындағы құнды жәдігерлер туралы тың деректер сұрап білді.
Жалпы Марғұлан Оспановтың айтуынша, ағартушының 185 жылдығы мен музейдің 35 жылдығына орай жуырда «Алтынсарин ізі – ұрпаққа мәңгілік өнеге» атты облыстық ғылыми-туристік форум өткен. Іс-шара аясында лингвист-ғалым Секерхан Хасанованың «Ыбырай Алтынсарин және қазақ жазба әдеби тілі» атты ғылыми-зерттеу еңбегі «Ыбырай тілі» деген атаумен жарық көрді.
«Демеушілердің қолдауымен жарық көрген бұл еңбек – Ыбырай Алтынсарин шығармашылығының тілдік ерекшеліктерін терең зерделейтін, ғылыми әрі рухани маңызы зор зерттеу. Бұл басылым – қазақ тіл білімінің тарихын толықтыруға, Ыбырай Алтынсариннің тілдік мұрасын тереңірек тануға және ұлттық руханияттың құнды қазыналарын келер ұрпаққа жеткізуге қосылған маңызды үлес», – дейді Марғұлан Бақытбекұлы.
Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлері Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік архивтен Қостанайдың 1885 жылғы картасын тапқан. Құжатта ұлы ағартушының тұрған үйі, сол кезеңдегі елді мекендер мен «Ақ бейіт» аталған қорым көрсетілген. Музей директоры Марғұлан Оспанов тарихи карта Ыбырай Алтынсариннің жерленген орнына қатысты пікірталасқа жауап беретін маңызды айғақ екенін айтады.
Шетел архивінен тапқан 1885 жылғы картада ағартушы өмір сүрген кезеңдегі Қостанай қаласының аумағы, Тобыл өзені, Ыбырайдың үйі мен оның әулетіне қатысты тарихи орындар белгіленген. Музей директорының айтуынша, құжаттағы мәліметтер бүгінгі кесененің орналасқан жерін тарихи деректермен салыстырып зерттеуге мүмкіндік береді.
Қазір құжаттың көшірмесі музейдің экспозициялық залында сақтаулы. Онда сол кезеңдегі қала құрылысы мен жер-су атаулары ғана көрсетілмеген. Ыбырай Алтынсариннің тұрған үйі, «Инспектор» көлі және «Ақ бейіт» деп аталған қорым да белгіленген.
«Картографиялық құжаттан Тобыл өзенінің бойындағы қала және арғы бетіндегі Ыбырайдың үйі көрініп тұр. «Инспектор Ыбырай Алтынсариннің үйі» деп жазылған. Сондай-ақ «Ақ бейіт» («Белая мазарка») деген қорым бар. Бұл – көп деректе айтылатын, ақ күмбезбен жасалған Балғожа бидің тамы», – дейді Марғұлан Оспанов.
Музей басшысының түсіндіруінше, «Ақ бейіт» қорымында Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа би мен оның туыстары жерленген. Сол жерде Балғожаның атасы Жаңбыршы, Алтынсары, Ыбырайдың балалары Шәрипа мен Абдрахман да жатыр деген мәлімет бар.
«Бүгінгі кесенеде Ыбырай жерленген бе, әлде қабірі басқа жерде ме?» деген даудамайға соңғы нүктесін қоятын карта осы. Барлық туған-туысы жерленген орынға оның сүйегі қойылмауы қисынсыз ғой. Бұл карта Ыбырайдың тірі кезінде жасалған. Егер өмірден өткеннен кейін қағазға түссе, «Ыбырай жерленген орын мынау» деген белгі міндетті түрде қойылар еді. Өйткені инспектордың тұрған үйі нақпа-нақ көрініп отыр. Тіпті Ыбырайды ғана емес, барлық көрші-көлемінің аты-жөні де толық тізілген. Қысқасы, картография – бұлтартпас айғақ, – дейді ол.
Бүгіннің жаңалығын айтқаннан кейін Марғұлан Оспанов өткенге көз тастап, музейдің бой көтеруі жайлы ақпарат айтып берді.
«Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген мемориалдық музейдің тарихы 1990 жылдан басталады. Алғашында ол облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы бөлім ретінде ашылған. Бір жылдан кейін ағартушының туғанына 150 жыл толуына орай жеке музей болып құрылды. 1991 жылғы 16 қазаннан бастап облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі ресми түрде жұмыс істей бастады», – деді ол.
Музей ғимаратының орны да тарихи мәнге ие. Ол 1884 жылы Ыбырай Алтынсарин ашқан қазақ-орыс мектебінің орнында бой көтерген. Екі қабатты ғимараттың бір бөлігі сол кезеңдегі мектеп үлгісінде салынса, көк күмбезді екінші бөлігі киіз үйдің пішінін еске салады.
Музей жеке тұрған нысан емес. Оның айналасында ағартушының кесенесі мен ескерткіші, алғашқы мектептің орнына қойылған мәрмәр тақта, Омар құдығы, Ыбырай атындағы көше және мамандандырылған мектеп-интернат бар. Бұл нысандар біртұтас тарихи-мәдени кешенді құрайды.
Бүгінде қордағы жәдігер саны 13 мыңнан асады. Олардың қатарында ағартушының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттардың көшірмелері, тұрмыста пайдаланған бұйымдары және баспа мұралары бар.
Музей қызметкерлері Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Қазан қалаларындағы, сондай-ақ Қазақстанның әр өңіріндегі архивтер мен кітапханалардан құжаттар жинаған. 2010 жылы экспозиция «Ыбырай Алтынсарин шәкірттерімен» және «Мұсылмандық білім» атты диорамалармен толықты.
Ерекше жәдігерлердің бірі – Ыбырайдың отбасынан қалған төсекқап. Ол 1992 жылы қазіргі Түркістан облысының аумағындағы Леңгір қаласынан табылған. Музейге оны жергілікті тұрғын Гүлсана Тастемірова тапсырған. Жәдігер оған нағашы әжесі Рәзиядан қалған. Ал Рәзияға төсекқапты Ыбырайдың жұбайы Айғаныс берген деген дерек бар.
Бұл бұйымның құндылығы – ағартушының отбасылық өмірінен сыр шертетін тарихи зат ретінде ұрпақтан ұрпаққа жетуінде.
Сондай-ақ Ыбырайдың нағашы атасы Шеген би киген шапан, нағашылары пайдаланған келі-келсап, ағартушының қалта сағаты және басқа да көне бұйымдар сақталған.
Ал ең бағалы басылымдардың бірі – Ыбырай Алтынсариннің 1884 жылы Қазан қаласында қазақ тілінде жарық көрген «Шариғатул-Ислам» кітабының түпнұсқасы. Екі мың дана болып басылған еңбекті музей мамандары 2023 жылы реставрациядан өткізген.
Музей директорының сөзінше, Ыбырай Алтынсариннің мұрасына жергілікті тұрғындармен қатар шетелден келетін қонақтар да қызығушылық танытады. Сондықтан музей жұмысы жәдігерлерді сақтаумен ғана шектелмейді. Тарихи-мәдени мұраны көпшілікке таныту, оны заманауи форматта түсіндіру және ғылыми айналымға енгізу бағытында да жұмыс тоқтамай жүріп жатыр.
1857 жылы Ыбырай Алтынсарин Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап, кейін екі жылға жуық атасы Балқожа бидің хатшысы болып еңбек еткен. Кейін облыстық басқармада кіші тілмаш ретінде қызметке алынады. Ал 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай жерінде өз қаражатына алғашқы мектебін ашты. Бірақ мұндай бастамаға қол жеткізу оңай болмады. Себебі 1860 жылы облыстық басқарма Ыбырай Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырғанымен, жергілікті билік тарапынан қолдау жеткіліксіз болды. Соған қарамастан ағартушы өз идеясынан бас тартпай, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына үлес қосты.
Мектепке алғашында 14 бала қабылданып, олар небәрі үш айдың ішінде орысша және татарша оқып-жазуды меңгерген.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі балаларды оқытумен ғана шектелген жоқ. Ол мектептерде білім беру мазмұнын кеңейтуге, оқушылардың жан-жақты дамуына да мән берді.
1882 жылы ән-күй сабақтарын енгізіп, жергілікті азаматтардың көмегімен кітапханалар ашуға күш салды. Ал 1883 жылы Торғайда қолөнер мектебін ашып, балаларды кәсіпке баулуға көңіл бөлді.
Сонымен қатар қыздардың білім алуына да ерекше назар аударды. 1887 жылы Ырғызда қыздар училищесін ашуға бастамашы болып, келесі жылы қыздарға арналған интернат ұйымдастырды.
1879 жылы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» атты оқу құралы жарық көрді. Қазақ мектептеріне арнап әзірленген бұл еңбек балаларды ана тілінде оқытуға мүмкіндік берді.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылғы 17 шілдеде 48 жасында қайтыс болды. Оның қазақ даласында білім беру жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі мен ағартушылық мұрасы бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.