«Маған оның үні ұнайды»: Ксения есімді оқушы домбыра тарту шеберлігімен қазақстандықтарды тәнті етті

14 жастағы Ксения ұлттық аспапта ойнап, әлеуметтік желіні тәнті етті

«Маған оның үні ұнайды»: Ксения есімді оқушы домбыра тарту шеберлігімен қазақстандықтарды тәнті етті
Фото: Видеодан скрин

Ксения есімді 14 жастағы қыз баланың домбыра шертіп отырған видеосы бірнеше сағат ішінде 100 мыңнан астам қаралым жинады. Қыз баланы танымал блогер Эмин Хаджиев жолықтырып, домбырада ойнап беруін өтінген. Алғашқы әуеннен-ақ оның аспапты жай ғана қызығушылық үшін емес, шын ықыласымен меңгеріп жүргені байқалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ксения бірнеше жылдан бері домбыраны жанына серік етіп келеді. «Неліктен дәл осы аспапты таңдадың?» деген сұраққа «домбыраның терең, жанды әрі ешбір аспапқа ұқсамайтын үні ұнайды» деп жауап берді. Қазір жас оның тек өзіне арнап жасалған жеке домбырасы бар. Құны да арзан емес көрінеді. Бағасы –  1 миллион теңге. Аспапты анасы несиеге сатып алған екен. Ал Ксенияның алға қойған мақсаты анық – болашақта ең үздік орындаушылардың бірі болу.

Видеоны көрген жүздеген адам пікір білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Көпшілік бұл роликтің жүректерін елжіретіп, көздеріне жас үйіргенін жарыса жазды. Сол сияқты олар домбыра үшін алған несиесін өтеуге көмектесу үшін қаражат жинауды да ұсынып отыр. Желі қолданушыларының айтуынша, домбыра – халықтың жаны, ал дарынды қыз Ксенияға көпшілік қолдау көрсетуі қажет. Белгілі болғандай, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар талантты қыз балаға көмектесуге ниет білдіріп отыр.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген

Сөз арасында айта кетейік, домбыра Ұлы даланың ең көне музыкалық аспаптарының бірі саналады. Археологтардың мәліметтеріне сүйенсек, домбыраның ежелгі үлгілерін осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын ойнаған. Қарапайым қос ішекті аспаптан тұяқ дүбірін, желдің үнін, қуаныш пен мұңды, тұтас бір халықтың тарихын жеткізуге болады.

Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Тәттімбет және өзге де көптеген күйші-композиторлардың туындылары бізге мұра болып қалды. Ал 2014 жылы домбырада күй шерту өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген.

Елімізде Ұлттық домбыра күні шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Мереке күні еліміздің түкпір-түкпірінде концерттер, флешмобтар мен ашық аспан астында музыкалық қойылымдар ұйымдастырылып, домбыраны балалар да, ересектер де жарыса шертеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде домбыраның ел үшін маңызын үнемі айтып, оны ұлттық символ әрі халықтың баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеп келеді. Мемлекет басшысы домбыраны кеңінен насихаттау үшін бар күшті жұмылдыруға шақырды. Мәдениет пен өнерді дамытуға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

3,5 млн бала үйірмелерге барып жүр

Ксенияның оқиғасы жекелеген жағдай ғана емес. Бүгінде Қазақстанда үйірмелер мен секцияларға шамамен 3,5 миллион бала қатысып жүр. Олардың 2,2 миллионға жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алады. Музыкалық мектептерде, мәдениет үйлері мен студияларда балалар домбыра, қобыз, сыбызғы және басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді.

Бұл еліміздің миллиондаған баласына өз қызығушылығын тауып, талантын ашуға және туған жерінің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Балалар музыкамен қатар спортпен, сурет салумен, бимен және техникалық шығармашылықпен де айналысады. Әрбір үйірме – елдің болашағына қосылған үлес.

Бүгінде домбыраның түрлі ұлт өкілдерін біріктіруі де ерекше құнды. Бұл аспапта қазақтармен ықатар орыстар, кәрістер, украиндар, татарлар, немістер және Қазақстанды өз үйі санайтын өзге де этнос өкілдері сүйіп шертеді. Әлеуметтік желілерде домбыраны алғаш рет қолына алып, «Адай» немесе «Сарыарқа» күйлерін орындаған шетелдіктердің видеолары да талай мәрте жарияланған.

Музыкаға аударманың қажеті жоқ. Ксения есімді қаршадай қыздың қазақтың күйін шертіп, мыңдаған адамның оның жетістігіне тілекші болуы – қазақстандықтардың достығы мен бірлігін сөзсіз дәлелдейтін көрініс.

Ксенияның мақсатына жететініне сенім артуға болады. Оның оқиғасы өзге балаларға да домбыраны қолына алып, Ұлы даланың рухын жеткізетін осы бірегей аспаптың құдіретін сезінуге шабыт берері сөзсіз.