Джули Стаффт Еңлік Құрарбекпен әңгіме барысында 1990 жылдардағы хит әндерді еске алды
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт танымал қазақ әншісі Еңлік Құрарбектің әндерін тыңдаған кезде ерекше әсер алатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Джули Стаффт Еңлік Құрарбекпен әңгіме барысында 1990 жылдардағы хит әндерді еске алды. Оның айтуынша, сол кезеңде R&B мен хип-хоп кеңінен танымал болып, әсіресе әйел орындаушылардың шығармашылығы тыңдарманның назарын аударған.
«Сіздің бейнебаяндарыңызды көрген сайын, олардан Лорин Хиллдің әсерін байқаймын. Сіздің шығармашылығыңызбен алғаш танысып, музыкаңызды тыңдаған кезімде ерекше әсер алдым. Себебі мен 1990 жылдары АҚШ-та өстім. Ол кезде R&B мен хип-хоп, әсіресе Лорин Хилл, Мисси Эллиот секілді әйел орындаушылардың музыкасы өте танымал еді», – деді елші.
Еңлік Құрарбек америкалық әнші Лорин Хиллдің шығармашылығын білетінін айтып, оны хип-хоп тарихындағы ең мықты әнші әйелдердің бірі деп бағалады. Бұған жауап ретінде Джули Стаффт қазақстандық әншінің де тыңдарманға Лорин Хиллдің музыкасы сыйлайтын сезімді бере алатынын айтты.
Әңгіме барысында Еңлік Құрарбек өзі сүйіп тыңдайтын орындаушылардың бірі – Бейонсе екенін де жеткізді. Әнші оның Crazy in Love және I Was Here композицияларын ұнататынын айтты.
Сондай-ақ Джули Стаффт Еңліктен АҚШ-та қайтадан гастрольдік сапармен өнер көрсету мүмкіндігіне қалай қарайтынын сұрады. Әнші бұл ойдың өзіне қатты қуанып жүргенін жеткізді.
Елші америкалық тыңдармандардың Еңліктің өнерін асыға күтетінін айтып, оның шығармашылығы АҚШ-та да кеңінен танылып, тыңдармандары көбейе түсетініне сенім білдірді. Ол қазақстандық әншінің еңбегіне жоғары баға берді.