Жас жазушының еңбектері АҚШ-тың 31 штатына таралған
Шымкентте тұрып, шығармаларын әлемдік деңгейге шығарған ақын, жазушы әрі аудармашы Сүндет Сейітовтің жетістігі – қазақ жастарының ізденісі мен мүмкіндігінің жарқын көрінісі. Бүгінде жас қаламгердің еңбектері АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Еуропа мен Азияның беделді кітапханалары мен ірі кітап сауда платформаларының каталогтарына енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сүндет бұл жетістікке бір күнде жете салған жоқ. Бұл атақтың артында жүздеген хат, талай бас тартқан баспа мен тынымсыз ізденіс жатыр. 1998 жылы туған жас автор дайын мүмкіндікті күтіп отырмай, өз жолын өзі салды.
Мәселен, 2024 жылы жаз үйін салып жүрген кездің өзінде шығармашылықты тоқтатпаған. Күндіз құрылыс басында жүрсе, түнде ноутбук алдында отырып, небәрі үш айда «Дрон шоу» романын жазып шықты. Роман аяқталған соң оны ағылшын тіліне аударып, Америка мен әлемдік кітапханаларға жеткізу жолдарын өз бетінше зерттеді.
Бүгінде автордың еңбектері әлемнің түкпір-түкпіріне қолжетімді:
Сүндеттің шығармашылық ауқымы заманауи туындылармен ғана шектелмейді. Ол заман талабына сай әдебиетті әлемге танытумен қатар, ортағасырлық шағатай тіліндегі мұраларды қазақ тіліне аударумен де айналысады.
Кітаптары тек кітапханаларда емес, Германия (Thalia), Швеция (Adlibris), Жапония (Books Kinokuniya Tokyo), Оңтүстік Корея мен Латын Америкасының ірі платформаларында да сатылымға шыққан. Жас қаламгердің жетістіктері де елеусіз қалған жоқ, ол қазір Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. АҚШ-тағы 1912 жылы құрылған беделді The Authors Guild ұйымының мүшесі (Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан азғана қаламгердің бірі).
Сүндет Сейітовтің бұл жолы «мүмкіндік жоқ» дейтін жастарға үлкен үлгі. Еңбек пен табандылық қосылса, туған жерден шыққан өнердің мұхиттың ар жағындағы оқырманға да еркін жете алатынын оның өмірі дәлелдеп отыр.