Асанәлі Әшімовтің Кеңсайдағы зиратында ескерткіші ашылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Марқұмның жұбайы құлпытастың ашылуына арнайы келген қауымға арнайы алғысын білдірді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері, халық әртісі Асанәлі Әшімовтің Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмның жұбайы Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің басына құлпытас орнатылып, ас берілгенін мәлім етті.

«Бүгін Кеңсайда асыл жарым, Алаштың Асанәлісі, қайталанбас тұлға – Асекеңнің құлпытасын орнатып, шаңырағында Құран бағыштадық. Адамның ғұмыры өлшеммен емес, артында қалдырған ізімен бағаланады екен. Асекеннің ғибратты ғұмыры, елге жасаған еңбегі, адамға деген жақсылығы мен азаматтық болмысы – біз үшін мәңгілік аманат. Тірісінде жанында жүріп, бар ғұмырымды бірге өткерсем, бүгінде оның рухына тағзым етіп, артында қалған аманатын арқалап келемін. Өмірдің ендігі бір үлкен жауапкершілігі де осында», – дейді Бағдат Әшімова.

Сөзін жалға отырып, құлпытастың ашылуына арнайы келген қауымға арнайы алғысын білдірді.

«Асекең бір ғана әулеттің емес, елдің азаматы еді. Оның артында қалған еңбегі мен өнегесі, есімі мен рухы кейінгі ұрпаққа жетуі керек. Бұл – менің жар алдындағы ғана емес, азаматтың елге сіңірген еңбегіне деген перзенттік парызым деп білемін. Тірісінде қасынан табылу – тағдырдың маған берген сыйы болса, бүгінде рухына қызмет ету – жүрегіме жүктелген аманат. Асекеңнің есімін ұлықтау, артында қалған мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу – менің алдағы ғұмырымдағы ең үлкен парызым. Жатқан жерің жайлы, рухың пейіште шалқысын, асыл жарым. Сенің жарың болу – өмірімдегі ең үлкен мәртебе еді. Ал сенің аманатыңды арқалау – қалған ғұмырымның қасиетті міндеті. Алла Тағала рухыңды рақымына бөлеп, жатқан жеріңді нұрлы етсін», – деп Бағдат Әшімова сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылдың 21 желтоқсаны күні 88 жасында өмірден өтті.