«Әділет министрлігі жұмысымызды тартып алмақ»: Қазақстанның авторлық қоғамы өткір мәлімдеме жасады

Өнер қайраткерлері тексеруге қарсы 

«Әділет министрлігі жұмысымызды тартып алмақ»: Қазақстанның авторлық қоғамы өткір мәлімдеме жасады
Фото: Қазақстан авторлық қоғамы

Қазақстандағы ақын-жазушылар мен композиторлар гонорарсыз қаламыз деп қорқып отыр. Бір топ өнер иелері «Қазақстан авторлық қоғамы» заңсыз тексеруге тап болды деп санайды. Олардың сөзіне сенсек, тексеруді Алматы прокуратурасы мен Әділет министрлігі бастаған. Өнер қайраткерлері бұл тексерулерді мемлекет тарапынан жасалған қысым деп қабылдап, алатын төлемдері, соның ішінде, шет елдерден түсетін гонорарлар толық бұғаттала ма деп қорқып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy

Өнер қайраткерлері тексеруге қарсы 

«Қазақстан авторлық қоғамына» қатысты басталған бұл тексеріс бірлестіктегі тұлғалардың наразылығын тудырды. Авторлар мен авторлық құқық иелерінің айтуынша, бұл ұйымның жұмысы алдымен Алматы прокуратурасы мен Әділет министрлігіне «қызық бола бастаған». Олардың тексерісі шығармашылық ортада күдік тудырған. Ұйым мүшелерінің айтуынша, тексеру бастау туралы қаулының ішінде қате толып жүр. Тіпті, тексеруге негіз болатын заңды себеп те анық жазылмаған.

«Қазақстан авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шаяхмет Алжанбайдың айтуынша, ұйымның есеп-қисабын тапсыру үшін уақыт керек, тиісінше, авторлардың гонорарлары да кешігуі мүмкін.

«Олардың талабы әртүрлі. Ұйымның бүкіл құжатын, есепшотын, соның ішінде, банктік шотын ұсынуды талап етіп отыр. Бұл үшін уақыт керек. Ал бұл дегеніміз – атворлардың гонорары кешігеді деген сөз», - дейді Алжанбай.

Композитор Қадырғали Көбентайдың айтуынша, ұйымға мүше алты мың автор бар.

«Ұйымға алты мың автор мүше. Олардың гонорарларын қосса, әжептәуір сома шығады. Өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар. Олар біздің есепшоттарды тексереміз дейді, бірақ, тексеру үшін біздің рұқсатымыз керек», - дейді ол.

Әділет министрлігінің өкілдері не дейді 

Жазушылар мен композиторлардың пайымынша, тексерудің іс-әрекеті тәуелсіз бірлестіктің қызметін мемлекеттік Kazpatent ұйымына беруге бағытталған. Сондықтан, олар бұны рейдерлік басып алу деп санайды. Ал Әділет министрлігінің өкілдері болса тексеру тек қана ұйымның жұмысының ашық екеніне және гонорар әділ төленіп жатқанына көз жеткізу үшін басталған дейді. «Қазақстан авторлар қоғамына» қатысты тексеріс Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен жүргізіліп жатыр. Прокуратураның сұратуы бойынша тексеруге әділет органдарының қызметкері тартылған. Тексеру барысында жиналған сыйақының заңды жұмсалуы, авторлық сыйақылардың толық көлемде бөлініп, төленуі, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнама талаптарының сақталуы, сондай-ақ ұйымның қаржылық қызметі қаралуы тиіс.

Прокуратура қаулысына сәйкес, тексеріс 31 тамызда басталуы керек болған. Алайда бүгінге дейін тексеру жүргізілмеген. Әділет министрлігінің мәліметінше, оған ұйым тарапынан тексеру жүргізуге кедергі келтірілуі себеп болып отыр.

Ведомство тексеру жүргізудің өзі ұйым қызметіне кедергі келтірмейтінін атап өтті. Керісінше, оның мақсаты – орын алған заң бұзушылықтарды анықтау, оларды жою және алдағы уақытта бұзушылықтардың алдын алу.

Сонымен қатар, Әділет министрлігі 2024 жылдан бері аталған ұйым тексеру іс-шараларын жүргізуге бірнеше рет кедергі келтіргенін хабарлады. Тексеру заңнамада белгіленген мемлекеттік бақылау нысаны екенін ескерсек, министрлік ұйымның оған кедергі келтіруі оның қызметінің ашықтығына қатысты сұрақтар туындататынын айтады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, авторлық сыйақылар уақытында төленеді және төлемдер тоқтатылмайды. Бірақ авторлар өз қызметіне біреудің араласқанына бәрі бір қарсы. 

Авторлар қоғамының өкілдерінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда авторлар мен «ҚазАҚ» заңсыз тексерулерге қатысты бірнеше рет шағым айтқан. Сондай-ақ олар тексеруге жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр. «ҚазАҚ» авторлары Бас прокурорға шағым қаралғанша тексеруді тоқтата тұру туралы өтініш білдірген.