XVII ғасырда жазылған қолжазба қазақстандық ғалымдардың ғылыми экспедициясы кезінде анықталды
Қазақстандық ғалымдар Ресей мемлекеттік кітапханасынан Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне арналған XVII ғасырдағы сирек қолжазбаны тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Зерттеу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығы тарапынан жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс Үкімет бекіткен Ясауитануды дамыту жоспарына да енгізілген.
Ғалымдар «Хужжат аз-закирин ли-радд әл-мункирин», яғни «Зікір етушілердің оны жоққа шығарушыларға қарсы дәлелі» атты еңбектің қолжазбасын Мәскеуге жасаған ғылыми экспедиция кезінде анықтады. Шығарма Бұхарада жазылған. Ол Ясауи мектебінің тарихына қатысты маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.
«Қолжазбада сопылық тәрбиенің қағидаттары, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық қарастырылады. Сондай-ақ онда Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім атадан, Зеңгі атадан және тариқаттың кейінгі өкілдерінен жалғасатын рухани тізбек туралы мәліметтер бар», – деп мәлімдеді «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы.
Қазір мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын дайындап жатыр. Одан кейін оның мәтіні еңбектің белгілі нұсқаларымен салыстырылып, текстологиялық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізіледі.