Қоғам қайраткері қазақты тек қана көшпелі ұлт ретінде көрсету сырттан таңылған түсінік екенін алға тартты
Қазақ әдебиеті өткен күннің қасіреті мен батырлар бейнесін жаза бермей, бүгінгі заманауи қала өміріне көшуі керек. Бұл туралы белгілі журналист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, отандық поэзия мен қара сөзде тарихи тақырыптарға тым әуестену, өткен заманды аңсау немесе ұлтты тек қасірет шеккен, қорлық көрген бейнеде сипаттау тенденциясы басым. XX ғасырдағы ашаршылық пен репрессия секілді алапат соққылар тарихтан белгілі болғанымен, әдебиет үнемі артқа қарайлай бермеуі тиіс.
«Көлік жүргізіп келе жатқанда, сіз үнемі артқы айнаға қарап отырмайсыз ғой. Тек алдыңғы жолға және екі қапталға көбірек қарайсыз. Сол секілді жазушыларымыз да артқа қарай беретін әдеттен арылуы керек. Жаңа заман келді. Әдебиет формациясы өзгеруі тиіс», — деді ол.
Қоғам қайраткері қазақты тек қана көшпелі ұлт ретінде көрсету сырттан таңылған түсінік екенін алға тартты. Тарихи деректер мен Қытай жазбаларында қазақ даласы «мың шаһардың жарығы бар ел» деп сипатталған. Сыр бойындағы Отырар, Сығанақ, Сауран, Түркістан мен Сарайшық қалалары ерекше отырықшылық мәдениеттің үлгісі. Тіпті, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің өзі Отырарда қалалық жағдай мен үлкен кітапхана болғандықтан шыққан. Оның «Қайырымды қала тұрғындары» трактаты – бүгінгі қала әкімдері оқитын құнды жүйелі еңбек.
Нұртөре Жүсіп әлемдік озық әдебиет өкілдерін мысалға келтіріп, Орхан Памуктың шығармаларында Ыстамбұлдың болмысын жан-жақты суреттегенін, Харуки Муракамидің самурайлар дәуірін емес, жаңа технологияны меңгерген қазіргі жапон қоғамының тыныс-тіршілігі мен жан дүниесін бейнелегенін, ал орыс әдебиетіндегі Акунин мен Пелевиннің де бүгінгі заманның өзекті тақырыптарын арқау еткенін айтты.
«Бүгінгі заман – ақыл мен мидың, жасанды интеллектің және жаңа технологиялардың уақыты. Ендігі кезекте жазушылардың нысанасы осы үлкен өмірлік өзгерістерге бағытталуы керек», — деп толықтырды спикер.
Оның айтуынша, қазіргі қазақ прозасына қалаға келген қазақтардың арманы, қиялы мен мақсаты арқау болуы тиіс.