«Tamasha TV» телеарнасы жұмысын тоқтатты
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Tamasha TV» телеарнасы 2020 жылдың 27 шілдесінен бастап хабар таратуын тоқтатады. Әлемдік пандемия бұқаралық ақпарат құралдары саласына кері әсерін тигізуде. Қазақстан теленарығындағы жарнамадан түсетін табыс күрт төмендеді. Осы күнге дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Tamasha TV» телеарнасы жарнамадан түсетін табыс негізінде қаржыландырылып келген. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлайды.
«Телеарналар да тірі организм секілді. Уақыт өте келе, заман талабының жалына жармаса алмай, тіршілігін түзей алмағаны жабылып, орнына жаңасы ашылып жатады. Бұл – табиғи, қалыпты процесс. Ойын-сауық бағытындағы «Tamasha TV» телеарнасы жұмысын тоқтатып жатса, 30 маусымнан бастап «Abai tv» мәдени-ағарту телеарнасы эфирге шығып, халықпен қауышып отыр», - деп жазды Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ министр алдағы уақытта мемлекеттік телеарналар қарапайым халықтың көкейіндегіні дөп басатын хабарлар дайындау керек екенін айтты.
«Бұл тұста ең басты мәселе, алдағы уақытта мемлекеттік телеарналардың қай-қайсысында болсын, ұлттық құндылықтарды насихаттау, этносаралық бірлікті нығайту, еліміздегі саяси тұрақтылық пен қарапайым халықтың көкейіндегіні дөп басатын хабарлар дайындау бағытындағы жұмыстар одан ары жандана түсетінін баса айтқымыз келеді», - деп жазды ол.
Еске сала кетейік, «Tamasha TV» телеарнасы 2018 жылдың 3 қыркүйегінен бастап эфирге шығып, хабар тарата бастаған болатын. Телеарнаны «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен басқарып келді.