Ол «Көзімнің қарасы» әнін орындады
Жапон әншісі Ранка барша қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне жапон тілінде «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ол әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстан халқына осы сынақтан сүрінбей өтіп, қалыпты өмірге тез арада оралуын тіледі.
Абай әнін дәстүрлі жапон аранжировкасымен, «кото» ұлттық шертпелі аспабымен «Zerosta» продюсерлік компаниясы дыбыстаған. Әннің сөзін жапон тіліне «Wako» университетінің профессоры Хироки Сакаи аударды – ол қазақ халқының фольклорлық-мифологиялық мұрасы туралы бірнеше кітаптың авторы, оның ішінде Абайдың «Қара сөздерін» жапон тіліне аударған.
Жобаның мақсаты – Абай шығармашылығының көркемдік және эстетикалық мазмұнын жапон тілінде жеткізу арқылы қазақ мәдениетін дәріптеу.
Ранка – жапондық халық және заманауи музыканың орындаушысы, композитор. Сондай-ақ «Japan Record Awards» музыкалық сыйлығының Гран-при иегері.