Бұл бірегей жоба ресми түрде әлемдік рекорд ретінде тіркелді
Ақтөбеде Наурызнама онкүндігі аясында өткен «Ер Едіге» жыраулар мектебінің ауқымды мәдени бастамасы халықаралық деңгейде мойындалды. Жыраулық дәстүрді жаңғыртуға бағытталған бұл бірегей жоба ресми түрде әлемдік рекорд ретінде тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаның басты ерекшелігі – жырдың тоқтаусыз жырлануында. 36 жыршы тәулік бойы бірін-бірі әр үш сағат сайын алмастырып, көне жыраулық мектептің дәстүрін паш етті.
Бағдарламаның мазмұны:
«Қырымның қырық батыры»: 36 дастаннан тұратын, шамамен 31 мың жолдан асатын жыр;
«Пайғамбарлар қиссасы»: діни-танымдық жырлар.
Жыршылардың бірін-бірі іліп әкету шеберлігі арқылы баяндаудың тұтастығы сақталып, ежелгі жыраулар мектебінің ерекшелігі толық көрсетілді.
Бұл ерекше жетістікті GBR Дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка елдері бойынша өкілі ресми түрде тіркеді. Сараптама қорытындысы бойынша жоба әлемдік рекордтар тізіміне енгізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек рекорд орнату емес, қазақ рухани мәдениетінде ерекше орны бар жыр айту дәстүрін жас ұрпаққа аманаттауды көздейді. «Жыраулар жолымен» жобасы ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттырудың жарқын үлгісіне айналды.