Саябақ «Күлтөбе қалашығы» деп аталады
Жуырда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында «Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы парк ашылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Мақсат Раманқұлов жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Әрі құрылыс ЮНЕСКО-ның талабына сай жүріп жатқан көрінеді.
«Жақында Түркістан қаласы тағы бір ерекше тарихи әрі туристік орынмен толығады. Қалада «Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы заманауи археологиялық парк салынып жатыр. Бұл нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында орналасып, көне тарихты бүгінгі күнмен ұштастыратын маңызды орынға айналмақ. Жоба аясында келушілерге арналған қабылдау орталығы мен музей салу жоспарланған. Археологиялық қазбалар кезінде табылған көне жәдігерлер көпшілікке ұсынылып, Түркістанның терең тарихы кеңінен таныстырылады. Қазір мұнда барлық жұмыстар ЮНЕСКО талаптарына сай жүргізіліп жатыр», - деп жазған Раманқұлов.
Оның айтуынша, жаңа туристік нысанның құрылысын облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өзі бақылап отыр.