Ұлттық аспапты ештеңеге айырбастамас едім - домбырашы
Қызылжар өңірінде алғашқы кәсіби домбыра мектебін ашқан Серікбай Құсайыновпен сұхбат
Петропавл қаласының тұрғыны Серікбай Құсайынов – бала жастан қазақтың қара домбырасын өзіне ажырамас серік еткен жан. Сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға аяқ басқан қария музыкалық аспапты әлі күнге қолынан тастамай келеді. Ол Қызылжар өңірінде ұлттық өнерді жаңғыртып, алғашқы кәсіби домбыра мектебін ашқан жан. Бүгінде білікті ұстаздың дарынды шәкірттері түрлі деңгейдегі сахналарда өнер көрсетіп жүр. Зейнеткермен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
Серікбай Бәриұлы Жамбыл ауданы, Баян ауылының тумасы. Қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан алғашқы кәсіби домбырашы. Музыка өнері оның бойына атаның қаны, ананың сүтімен дарыса керек.
«Домбыраны 8-9 жасымнан меңгере бастадым. Ауыл шеберлері жасап берді. Содан бері оның үнін естімесем, тұра алмаймын. Пианино, баян, скрипка сынды тағы басқа аспаптар әлем мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Соның ешқайсына домбырамды айырбастамас едім. Бұл музыкалық аспап қазақтың тарихымен үндесіп жатыр. Әрбір күйдің өз шежіресі бар. Сол тарих көз алдыма келеді. Әсіресе, Құрманғазы, Дина, Тәттімбеттің күйлерінің орны бөлек», - дейді Серікбай Құсайынов.
ДОМБЫРА СЫНЫБЫН АШУ – ЕРЛІКПЕН ПАРА-ПАР ЕДІ
Серікбай Бәриұлы Дина Нұрпейісованың шәкірті Ғалымжан Әлжановтан нота сауатын үйреніп, домбырашылық өнерін дамытқан. 1963 жылы Петропавл музыка училищесіне қабылданады. Оны тәмәмдаған соң, білімін Шымкентте жалғастырады. Одан кейін туған топырағына оралып, Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен кенжелеп қалған ұлттық өнерді жаңғыртуды ұйғарады. Сол кезде Серікбай Құсайыновтың «қазақ өнерін дәріптеп, ұлттық аспапты жас ұрпақтың бойына сіңіремін» деген құлшынысы ерлікпен пара-пар еді.
«Сол кезде басқа өңірлердегі училищелердің барлығында «домбыра» сыныптары болды. Бұл тізімде Петропавл ғана жоқ еді. Училище әкімшілігі түрлі сылтау айтып, маған барынша қарсы тұруға тырысып бақты. Сондағы айтатыны – бюджет бөлінбеген, қажет мамандар жоқ. Оны ашу үшін мәдениет басқармасының басшысымен де кездесуге тура келді», - дейді домбырашы.
Серікбай Құсайынов Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Әбділдә Тәжібаев сынды халқымыздың біртуар тұлғаларының алдында өнер көрсеткен. Оның орындаушылық шеберлігі жоғары бағаланып, қазақ мәдениетінің орталығына айналған Алматы қаласына талай рет шақырту алған. Алайда, кіндік қаны тамған өлкеде домбыра өнерін дамытуды мақсат еткен Серікбай Бәриұлы Қызылжар өңірінде қалып, шәкірт тәрбиелеуді жөн санайды. Облыста алғаш рет қазақ мектеп-интернатының қабырғасында домбыра оркестрін құрады. Кейін Серікбай Бәриұлының бастамасымен Жамбыл, Темирязев, Шал Ақын, Аққайың аудандарында да осындай өнер ұжымдары ашылады. Өңірдің шалғай аудандарын аралап, лекция-концерттер береді.
«Қазақтың қасиетті қобызы мен оның үні «ескінің сарқыншағы» деп танылып өмірден алыстатылып, домбыраға да қатер төнген кез есімізде. Қазақ өнерінің тынысы тарылып, өрісі азайған алмағайып заманда оның халқымызға, оның ұлттық болмысына да әсер еткені белгілі. Ол көзі ашық, көкірегі ояу адамға бесенеден белгілі болатын. Алайда, бұл жайды айқайлап айтып, ақырып теңдік сұрайтын заманның уақыты өткен кез еді. Осы «көзі ашық, көкірегі ояудың» бірі де бірегейі Серікбай Құсайынов болатын», - дейді ардагер-ұстаз Жангелді Тәжин.
Ол ұстаздық етіп, білгенін шәкірттеріне үйретуден жалықпаған жан. Өнер атты айдынға мыңнан астам оқушысын қияға қанат қақтырған. Оның 300-ге жуығы осы жолда шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүр. Солардың бірі - Амангелді Рамазанов.
«Серікбай ағаны бала кезден танимын. Теледидардан концерттерін көретінбіз. Қатты қызығатынмын. Мектепті тәмамдаған соң, музыкалық училищеге оқуға түстім. Барлығымыз Серікбай ағаның домбырасын ұстап, соны тартуға құмартып тұртынбыз. Ұстазымнан өнер ғана емес, өмірлік азық болар өнеге үйрендім», - дейді ол.
АТА ЖОЛЫН ҚУҒАН ҰЛ
Серікбай Құсайынов 16 ағайынды еді. Бірақ бауырларының көпшілігі бала кезде дүниеден озған. Өкінішке қарай жалғыз ұлы да бақилық болған. Баласының артынан қалған тұяғы, немересі Диасты да осы өнерге баулыған. Жас та болса, қос ішектің құдіретін терең ұғынып, мағынасына бойлай біледі. Ата мен немеренің қатар отырып, күй шеткенін көргенде өнерді бағалай білетін жандардың сүйсінері сөзсіз.
«Мен өнер колледжінің домбыра сыныбын тәмәмдадым. Атам тек өнердегі ғана емес, өмірде де жол нұсқап, әр кез дұрыс бағыт-бағдар бере білетін ақылшым. «Қарты бар ел қазыналы» деген сөз дәл осы атама арнап айтылса керек. Сондықтан оны жақсы көремін. Ол менің алғашқы ұстазым. Атам менің домбыра аспабына, өнерге деген сүйіспеншілігімді оятты», - дейді Диас.
Жас ұрпақты музыкаға баулуда қол жеткізген табыстары үшін Серікбай Бәриұлы Қазақ ССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, Ыбырай Алтынсарин медалімен, Еңбек ардагері медалімен, Білім Министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Өнер иесі үшін 1957 жылы КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың қолынан алған Құрмет грамотасының орны бөлек.
Күйшінің өмірде де, өнерде де жиған тәжірибесі мол. Ол бір сәтке де шығармашылық ізденісін тоқтатқан емес. Қазір күйші халық әндерін нотаға түсіріп жүр. Оның да жас ұрпақтың кәдесіне жарары анық.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО