$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.01.2020, 16:54
Azat Alań

"Ақорда қызмет ұсынған жоқ". Дәния Еспаева вице-министр болуға дайын екенін айтты

Президент сайлауына түскен бірінші әйел кандидат Дәния Еспаева сайлаудан кейін қазақ тіліндегі алғашқы сұхбатын «Азаттық руxы» тілшісіне берді

Банк саласында талай жыл қызмет істеген, Мәжіліс депутаты, президенттікке экс-кандидат Дәния Еспаева қаржы-экономика вице-министрі болуға қарсы еместігін айтты. Сондай-ақ, ол сайлау кезінде халыққа берген уәделерін қалай  орындағанын тізіп берді. Жемқорлықпен күрес, көпбалалы аналар, баспана, ұлттық қордағы ақша мен 700 пайызбен несие беретін ұйымдардың ұятсыз тірлігі депутатты қатты толғандырады екен. Айтпақшы, Еспаева да ай сайын несие төлеп отыр...

- Дәния Мәдиқызы, сіз Қазақстан тарихындағы президенттікке кандидат болған алғашқы әйел адамсыз. Айтыңызшы, саяси додаға дейінгі өміріңіз бен мен сайлаудан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді?

- Айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Бірақ президенттікке үміткер ретінде ел алдына шыққан соң  адамдар жүзімді жазбай тани бастады. Сондықтан болар, қарапайым халық жеке мәселесін шешіп беруді сұрап кабинетіме жиі келеді. Хабарласады, хат жазады. Бірінің шаруасына көмектесесің, екіншісіне мүмкіндігің жетпей жатады. Ондай кезде тиісті мекемелерге хат жазып, оларға қолұшын беруді сұрайсың. Сайлаудан соң жұмысым көбейді. Отырыстарға жиі барамын. Президент жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесімін.

- Қазақпыз ғой, сізді жиын тойларға да жиі шақыратын болар. Бұрын Мәжіліс депутаты деп әспеттесе, енді той төріне президенттікке кандидат болған Дәния Еспаева деп мәртебе көретін болар...

- Ондай да бар. Көп мән бермеуге тырысамын. Себебі әйел адаммын. Әуелі төрге қасымдағы  жолдасымды отырғызамын. Тілек беріп жатса, сөзді алдымен үлкен адамдарға беремін. Президенттікке үміткер деген «атақты» мүлдем пайдаланбаймын.

- Әдетте, сайлаудан кейін әр кандидат өзіне кімдердің дауыс бергеніне зерттеу жүргізеді. Сізге кімдер дауыс берді? Электоратыңыздың құрамына зерттеу жасадыңыз ба?

- Дұрыс сұрақ қойдыңыз. Бірақ біз зерттеу жүргізген жоқпыз. Тек орталық сайлау комиссиясының  мәліметіне сай, қай облыстың қанша дауыс бергенін ғана білеміз. Ендігі сайлауда ескеретін боламыз. Дегенмен аймақтарға барғанда ұққаным - «әйелдердің намысын қорғап жүр» деп нәзік жандылар көбірек қолдау білдірген сияқты. Сосын жастар мен бизнес өкілдері дауысын берді деп ойлаймын.

- Сіз жабық адамсыз. Сайлау кезінде жинаған саяси салмағыңыз, танымалдығыңыз бар. Сондықтан  сөзіңіз де өтімді. Неге осыны пайдаланып Мәжілісте белсенді болмайсыз? Үкіметтің кем-кетігі болса, неге ашық дисскусияға түспейсіз? 

- Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де қаншама депутаттық сауал жаздым. Үкімет мүшелері Парламентте заң жобаларын таныстырғанда үнсіз қалмаймын. Қатесі болса ашық айтамын.

- «Сырт көз сыншы» деген. Бұл сұрақпен келіспейсіз ғой?

- Мен сізбен келіспеймін. Азаматтық позициям бар. Ойымды ашық айтамын.

- Сіз сайлауда үшінші орын алдыңыз. Батыс елдерінде сайлаудан соң екінші, үшінші орын алған кандидаттарға билік қызмет ұсынатын тәжірибе бар. Шыныңызды айтыңызшы, Ақорда сізге қызмет ұсынды ма?

- Бүгінге  дейін ешқандай ұсыныс болған жоқ. Көп жыл экономика саласында жұмыс істедім, білім мен білігім, тәжірибем де бар деп ойлаймын. Ақорда жұмыс ұсынып жатса, қарастыруға дайынмын.

- Білікті  экономист, қаржыгер екеніңіз көпке мәлім. Сізді Үкімет құрамына шақырды делік. Өзіңізді қай қызметтен көресіз? Экономика немесе қаржы министрі, әлде Ұлттық банк төрағасы...

- Өте қиын сұрақ. Оны мен шешпеймін ғой. Әр адам өзінің қарым-қәбілетін жақсы біледі. Енді министр болмасам да, вице-министр болуға шамам жетеді деп ойлаймын. Себебі көп жастар сондай позицияда жүр ғой.

- Иә, облыс әкімінің орынбасары ретінде 25-28 жастағы жігіттер тағайындалып жатыр ғой...

- Иә.

 -  Туған жеріңіз Ақтөбе облысында біраз жыл банк филиалын басқардыңыз. Мәслихат депутаты болдыңыз. Өңірдің ахуалын, экономикасын жақсы білесіз. Ол жақтан да ұсыныс түспеді ме?

- Ұсыныс түскен жоқ.

- Ендеше, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге құлаққағыс. Мәжілісте білікті кадр отыр.

- (Күледі – авт.) Ербол, «Ақжол» партиясының мүшесіне ондай ұсыныс түсуі мүмкін емес. Себебі, барлық басқару позицияларында «Нұр-Отан» мүшелері отыр ғой. 

- Жақсы, ол жағын көре жатармыз. Мынаны айтыңызшы, Еспаева әйелдер партиясын құруы мүмкін бе?

- Әйелдер партиясын құрудың қажеті жоқ. Әр партияға әйелдер де, ер адамдар да, жастар да бәрі мүше. «Партия құрам» деп айта алмаймын. Өйткені «Ақ жол» партиясының мүшесімін. Осы саяси ұйымның қолдаушысы, жақтаушысы ретінде қала беремін.

- Үгіт-насихат кезінде халыққа көп уәде бердіңіз. Бір-екеуін мысалға алсақ: жемқорлықпен күрес,  көпбалалы аналардың мәселесін қолға аламын деген едіңіз. Бұл айтқандарыңыз популистік ұран ретінде қалып қойған жоқ па?

- Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де бұл сұрақтарды көтеріп жатырмыз. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл менің сайлауалды бағдарламамда жазылды. Енді басшының қоластындағы қызметкерінің пара алғаны сотпен дәлелденсе, мекемедегі ең бірінші жауапты адам отставкаға кетуі керек. Бұл заңға ел президенті жақында қол қойды. Бұл құжаттың қабылдануына біздің партиямыздың да үлесі бар деп санаймын. Ал көпбалалы аналарға қатысты жаңа бағдарлама шықты. 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек басқаша саналады. Жаңа талап бойынша, 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамай әлеуметтік көмек беріледі. Көпбалалы жанұя жәрдемақы алу керек. Бұны бұрыннан айтып келеміз.

Ал баспанаға қатысты партиямыздың көзқарасы кішкене бөлек. Мемлекет көпбалалы отбасыларға  жеңілдікпен несие береді. Ал, әрбір шаңырақ көпбалалы болмайды ғой. Мәселен, бір отбасының 1-2 баласы бар делік. Оның қолы жеңілдетілген несиеге жетпейді. Коммерциялық банктердің үстемақысы 14 пайыз. Сондықтан екі баласы бар отбасыарға несие бергенде оның 20 пайызын үкімет субсидиялауы қажет. Ал 5 баласы болғанда 80 пайызға дейін субсидияласа да артық етпейді. Алайда  үкімет біздің ұсынысты қабылдаған жоқ. Болашақта бұл сұраққа қайта ораламыз.

- Біз мұнайдан түскен ақшаны ұлттық қорда сақтап отырмыз. Бірақ Үкімет бюджеттің «жыртығын жамаймыз» деп қордағы ақшаға қолын көп «сұғады». Ертең қордағы ақша түгесілмесіне кім кепіл?

- Ұлттық қордағы ақша әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Бюджетті толтыру үшін соңғы жылдары қордан 2 трлн-нан астам ақша алынған. Бұл дұрыс емес. Ұлттық қордағы ақшаны көбейту керек. Сосын тек түскен пайданы жұмсаған жөн. Одан қалды қордың ақшасы шетелдік қаржы институттарына салынған. Бірақ пайда аз. Ұлттық қордың қаржысы кәсіпкерлерге 6-7 пайыз көлемінде несие түрінде берілсе ұтымды болушы еді. Мұндай ұсынысты айттық, қабылданбады.

- Президент зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін білім мен баспанаға жұмсауға рұқсат ету жайын қарастыруды тапсырды. Бірақ, Үкімет бұл шаруаны тым созып жіберген сияқты...

- Салымшылардың 70 пайызы зейнетақы қорындағы ақшасын ала алмайды. Халықтың 54 пайызының жиған ақшасы 500 мың теңге. 1 млн теңге адамдардың 20 процентінде ғана бар. Қазір салымның бәрін таратып берсек, ертең зейнетке шыққанда қалай күн көреді? Қамсыз қарттыққа деп салынған қаржының сомасы кемі 6 миллион болуы тиіс. Сонда бір бөлігін алсын. Одан аз болса, несін алады? Қазір осы мәселе бойынша Үкіметте жұмыс тобы құрылды. Бір ретін табатын шығар.

- 2020 жылдан бастап Ұлттық банк күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алатын адамдарға несие беруге шектеу қойып жатыр. Сәл кешігіп қалған жоқ па?

- Ұлттық банктің шектеуі өте дұрыс. Банкте 34 жыл жұмыс істедім. Несие алатын адамның өзіне сенім болуы керек. Шағын қаржылық ұйымдар, жұрттың табысына қарамай бере береді. Олардың үстемақысы 700 процентке дейін жетеді. Қарызға батқан ел кейін ипотекаға үй ала алмай жатады. Әр тұрғын жалақысының 50 пайызын несиеге төлесе, 50 пайызын өзіне қалдыру керек. Бүгінде қазақстандықтар банктерге 5 трлн теңге берешек.

- Өзіңіз кредит аласыз ба?

- Алдым.

- Қандай себеппен алдыңыз?

- Үй сатып алдым, соны төлеп бітірдім.  

Сұхбаттасқан - Ербол Сейілхан

Серіктес жаңалықтары