АЭС салуға қатысты референдум өткізу керек - сарапшы

Автор: Azattyq Rýhy

«Азат алаң» бағдарламасының қонағы - саясаттанушы Асхат Қасенғали

3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде өткен Шығыс экономикалық форумда сөз сөйлеп, Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет деген пікір білдірді.

Тоқаев форумдағы сөзінде Қазақстан халқына жолдауында Үкіметтің алдына елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндеті қойылғанына тоқталды.

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Қазақстанда АЭС салу мәселесі тек бүгін емес, Тәуелсіздік алған жылдан бері қозғалып келе жатқанын айтты. Яғни, алғаш рет бұл мәселені 1995 жылы сол кездегі Ғылым және жаңа технологиялар министрі Владимир Школьник көтерген. Өйткені, 1999 жылы Ақтаудағы АЭС-тің жұмыс мерзімі аяқталатыны белгілі болды.

«АЭС-ті энергетикалық ресурсы тапшы мемлекеттер салады. Мұнайы, газы жоқ мемлекеттер көбіне АЭС технологиясына жүгінуге тырысады. Олар АЭС салу арқылы энергетикалық сұранысын 50-60 жылға қамтамасыз етеді. Қазақстанда мұндай қажеттілік бар ма деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстанда энергия тапшылығын көріп отырған жоқпыз. Мамандардың айтуынша, бізде керісінше энергияның шығарылу деңгейі көп», - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Қазақстанға АЭС салу қажет, бірақ дәл қазір қажет емес деп есептейді.