Латынға көшу журналистердің лайк жинап, ойынға айналдыратын тақырыбы емес – Анар Фазылжанова

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ғалымдарға жүктелген міндетті түсіндірді

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын бекіту туралы жарлық биыл наурыз айында шығуы мүмкін. Яғни, көптен күткен қазақ тілінде жазуды ауыстыруға қатысты саяси шешім жақында қабылданады. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова айтты.

Тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты «Azat alan» жобасына берген сұқбатында қазақ әліпбиіне қатысты туындап жатқан сұрақтарға және кереғар пікірілерге толығырақ жауап берді.

«Саяси шешімді күтіп отырмыз. Тіл саясаты комитеті мамандары осы алдағы айда (наурыз – ред.) Президенттің әліпбиді бекіту туралы жарлығы шығады деген болатын. Бірақ біз де, яғни ғалымдар, тілшілер ретінде өз ұсыныстарымызды айттық. Ол – емле-ережелерін әліпбимен бірге бекіту. Егер латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын бекітіп, емле қалып қалса, дұрыс емес. Себебі қаншама адам латын графикасында жазуға құлшынып отыр, қоғам дайын. Емле жоқ болса, абдырап қалады. Қалай болса, солай жазу үрдісі қалыптасып кетуі мүмкін», - дейді институт директоры.

Ол ғалымдарға жүктелген міндет, жаңа графиканың түркі тілдеріндегі ортақ сипаты, «і» мен «у»-дың таңбалануы және «і» мен «и» әріптерінің орны ауысып кетті деген сын-пікірлерге қатысты дәйектер мен техникалық топтың жұмысын түсіндірді.

Анар Фазылжанова латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі тақырыбынан сенсация іздейтін және ақпаратты бұрмалайтын журналистер қауымына өкпелі екенін де жасырмады. Ғалым «латынға көшу журналистер үшін лайк жинап, ойнайтын тақырып болса, қоғамды оңай үркітіп аламыз» деген ойын айтады.

Латынға көшеміз деп кирилл әріптерімен жазып келген қауымды сыртқа итеріп тастауға болмайтынын және орыс тілінде қолданылатын терминдер мен ауыз екі тілдегі сөздердің енді басқаша сипат алатынын жіктеп түсіндіріп берді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы