Қазақстан билігінде «гүленшілер» бар ма? – Түркия елшісімен сұқбат

Автор: Azattyq Rýhy

«Азат алаңның» кезекті қонағы – Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык

Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык

Түрік елшісі Невзат Уянык АҚШ конгресі ресми бекіткен «армян геноциді» қарары, Түркияның сириялық күрдтерге қарсы жүргізіп жатқан шабуылы, Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі, қазақ-түрік лицейлеріне қатысты даудың немен аяқталғаны, Қазақстан билігіндегі «гүленшілер», қазақ тілін қалай үйреніп жатқаны туралы айтып берді.  

СҰРАҚ: Түркия мемлекет ретінде құрылған күнін тойлап жатқанда, АҚШ конгресі кезінде Осман империясы 1,5 млн армян халқына геноцид жасады деген қарарды ресми түрде бекітті. Жалпы, бұл қаншалықты нақты деректерге негізделген құжат? Американың осы мәселені күтпеген жерден қайта қоздатуының астарында не жатыр?

ЖАУАП: Армян мәселесіне келетін болсақ, бұл 100 жыл бұрын болған оқиға. Оның қалай болғанын білу үшін архивтерді мұқият зерттеу керек. Жалпы, Түркиядағы мұрағаттар ашық. Бірақ басқа елдер архивте сақтаулы мәліметтерін бұғаттап тастаған. Бұл туралы адам құқықтарын қорғау жөніндегі еуропалық соттың шешімі бар. Бұл өте даулы сұрақ. Мұны тарихшылар зерттеу керек деген тоқтамға келгенбіз. Ал Америка конгресі қабылдаған шешімді құптамаймыз, әрі оны заңды шешім ретінде қабылдамаймыз. Америка конгресінде «армян геноциді» тақырыбының көтерілуі бекер емес. Осындай сөздер Францияда да айтылып, Түркияны қаралау науқаны жүріп жатыр. Осылайша, үшінші елдер өздерінің жымысқы мақсатына қол жеткізгісі келеді...

СҰРАҚ: АҚШ конгресі «армян геноцидінен» бөлек, Түркияның сириялық күрдтерге қарсы жүргізіп жатқан шабуылы үшін де санкция салу керек деп отыр. Сес көрсетіп отырған - Түркияның НАТО-дағы серіктесі, Инджирликте әскери базасы бар Америка. Мұндайға түріктердің құлағы үйренген болар, десек те, Анкараның жауабы қандай болмақ?

ЖАУАП: Түркияның ұлттық мәжілісі АҚШ конгресінің шешіміне наразылық білдірді. Еліміздің сыртқы істер министрлігі де бұның «саяси шешім» екенін ашық мәлімдеді. Яғни, мұндай мәселелерді көтеру конгресс шаруасы емес. Олар Сириядағы басқа мақсаттарына қол жеткізу үшін осылай істеуге мәжбүр. Оның үстіне Түркия сауатты әрекет етіп, көптеген елдердің саяси ойындарын әшкерелеп жатыр. Қазіргі таңда Американың ішкі саясатында өзгерістер көп. Мәселен, Сирияда ДАИШ сияқты лаңкестік ұйымға  қарсы операция жүргізіп отырған бірден-бір ел - Түркия.  Алайда АҚШ оларға жасырын қару-жарақ беріп, ашықтан-ашық қолдап отыр. Террористердің әскерлерін арнайы курстан өткізіп, қаруды қалай қолдану керектігін де үйретіп келеді. Олардың негізгі мақсаты – ДАИШПЕН күрес емес, сепаратистік аймақ құру. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің шешімі бар. Яғни, бір лаңкестік ұйымды екінші ұйымға қарсы қоюға болмайтынын Түркия талай жылдан айтып келеді. Себебі, біздің ел лаңкестерден көп зиян шеккен мемлекет.

СҰРАҚ: Енді әлемдік саясаттан Қазақстанға оралайықшы. Сіз елші болған тұста Фетхуллах Гүлен қаржыландырады деген қазақ-түрік лицейлеріне қатысты үлкен дау болды. Сіз арнайы мәлімдеме жасап, бұл лицейлерді жабу туралы ресми Анкараның «сәлемдемесін» Қазақстан үкіметіне жеткізгенсіз. Тіпті Түркия «гүлен ілімін» насихаттаушыларды қайтаруды сұраған. Бұл іс немен аяқталды?

ЖАУАП: 2016 жылдың 15-ші шілдесінде Фетхуллах Гүленнің лаңкестік ұйымы Түркияда төңкеріс жасамақ болды. Ұйым мүшелері қарапайым халыққа қарсы танктерді қолданып, парламент пен  президент әкімшілігін бомбаламақ болды. Осы сұмдық оқиғадан соң ауқымды тергеу жүріп, біраз былықтың беті ашылды. Лаңкестік ұйым шетелдерде ашылған оқу орындары арқылы сапалы білім береміз деген желеумен ұзақ жылдар бойы балалардың санасын улаған. Тергеу кезінде мұндай мемлекеттердің ішінде Қазақстанның да бары анықталды. Яғни, билік, білім мен БАҚ саласына, түрлі коммерциялық құрылымдарға өз адамдарын енгізген.  Өкінішке қарай, осындай жағдайды бастан өткерген соң ресми Анкара басқа мемлекеттерде мұндай бассыздықтың қайталанбауын қалады. Мақсатымыз тек осы болды. Сол себепті қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы лицейлерде  оқыған балаларға, оның  ата-аналарына қарсы болған жоқпыз. Бірақ бұл ұйым «мектептерді жапқалы жатыр» деп жұртты әдейі дүрліктірді. Сөйтіп қаралау науқанын бастады. Жалпы, екі елдің қарым-қатынасы мықты. Оны ешкім бұза алмайды. Бірақ лаңкестік ұйым әлі де қазақ-түрік мектептерінің  атын қолданып, түрлі шаралар өткізуге тырысады. Өздерін Түркияның ресми оқу орны ретінде көрсетіп бағады. Біз бұл жағдайға төзе алмаймыз. «Бұны тоқтату керек» деп Қазақстанның тиісті органдарына айттық. Мысалы, олар бір оқу орнына Сүлеймен Демирелдің есімін беріп, соны өз пайдасына жаратып жатыр. Түркия Қазақстанға білім саласында қолдау көрсетуге әркез дайын.  Алайда осы ұйымға мүше адамдар әлі күнге дейін жаман ниеттерін жүзеге асыруға тырысып отыр. Сондықтан осындай лаңкестік ұйымның жымысқы мақсатына жетуіне жол бермеуіміз керек.

СҰРАҚ: Айтыңызшы, Қазақстан билігінде, саяси элитасында «гүлен ілімін қолдаушылар» бар ма? Бар болса, олар кімдер?

ЖАУАП: Осы мәселе бойынша ең әуелі қауіпсіздік мекемелері тергеу жүргізіп, қажетті талдаулар  жасауы керек. Бұл жөнінде құзырлы органдарымыздың арасында диалог орнады. Өзара ақпарат алмасулар жүріп жатыр.

СҰРАҚ: Географиялық тұрғыда Түркия алыста орналасқан. Қазақстанды қос бүйірінен Ресей мен Қытай қысып тұр. Жалпы, Түркия Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін не істеп жатыр?

ЖАУАП: Түркия географиялық жағынан алыста орналасқан. Бірақ біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Саяхаттауға, сауда жасауға мүмкіндіктер өте көп. Сондықтан ешқандай проблема жоқ деп айтуға болады. Түркия мен Қазақстанды өз аймағындағы ең дамыған елдер деп айтуға болады. Барыс-келіс, алыс-беріс жағы да жаман емес. Халықаралық қатынаста екі жақты емес, көпжақты саяси диалог  орнату керек. Бұл экономиканың нығаюына әкеледі. Түркия мен Қазақстан әлемге ашылу үшін көлік транзиті сияқты жобаларды қолға алуды жалғастырады. Жалпы, Түркия мен Орта Азия елдері БҰҰ-ның мүшелері. Қазір Орта Азия елдерімен қатынасымызды нығайту үшін қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Біздің тарихымыз бен  мәдениетіміз ортақ. Мәселен, Қазақстанда 4 жыл тұрғанымда, қазақ пен түріктің қаншалықты жақын екенін түсіндім.

СҰРАҚ: Блиц-сұқбатқа кезек берсек. Қазақ тілін қалай үйреніп жүрсіз?

ЖАУАП: Қазақ радиосын тыңдаймын. Кейде таңнан кешке дейін тыңдап отырамын. Әсіресе әуезді әуендерін, жырларын тыңдаймын. 

СҰРАҚ: Қазақтың қандай ұлттық тағамы ұнайды?

ЖАУАП: Шұбат ішемін. Ет, қазы, бауырсақ, балқаймақ жеймін.