«ASTANA TV» телеарнасында жаңа түрік телехикаясы көрерменге жол тартады

Автор: Бақыт Шынар

Көрермендер оны 24 қарашадан бастап тамашалай алады

Фото: astanatv.kz

«ASTANA TV» телеарнасында «Қорғансыздар» атты жаңа түрік телехикаясы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды 

Телехикая ата-анасынан айырылған алты ағайындының алып шаһардағы күреске толы өмірін суреттейді. Негізгі оқиға Ыстамбұлдың қатыгез көшелерінде өрбиді. Мұнда балалар әр тараптан төнген қауіп-қатермен бетпе-бет келеді: далада қалудың қиындықтары, жергілікті басшылық тарапынан түскен қысым, қылмыстық топтардың қудалауы сияқты жығылғанға жұдырық болған шытырман оқиғалар бірінен соң бірі жалғасып жатады. Осындай сынақтарды бастан кешкен бауырлардың үлкені - Азизе іні-қарындастарына нағыз тірек әрі қорғаушыға айналады. Ата-ананың орнын басып, бауырларын барлық қиындықтан алып шығуға барын салады.

Ата-анасы Рыфат пен Балу ормандағы үйлерінде қарақшылар қолынан мерт болған еді. Балалар аман қалу үшін жан сауғалап, қылмыскерлерден қашып үлгереді. Осылайша, телехикаяда бір сәтте жетім қалған  Зелиха, Джемо, Фидан, Самет,  Балым мен Азизе тағдыры баяндалады. Мейірімге мұқтаж жүректер мен жетімдердің жан айқайы. Жүректі тербейтін жаңа телехикая ешкімді бей-жай қалдыра қоймас.

Телехикая 24 қарашадан бастап күн сайын сағат 22.10-да «ASTANA TV» арнасынан шығады.