Ол Қайрат Беркінбаев жайлы жүрекжарды жазба жариялады
Тележүргізуші әрі журналист Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жолдасы Қайрат Беркінбаев жайлы жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ләйлә Сұлтанқызы Instagram парақшасында жариялаған жазбасында күйеуінен айырылғаннан кейінгі өмірін, сағыныш пен бос кеңістікті сипаттаған. Ол отбасының бұрынғы дәстүрлері мен әдеттерін жалғастырып келе жатқанын, бірақ бәрінің бұрынғыдай болмайтынын айтты.
«Өмір сүруге бір-ақ шанс… Сізде де, менде де. Жалғыз берілген өмір атты мүмкіндігімде осындай сынақ келді. Қалай көтерудемін дейсіз бе? Ешқалай. Уақыт емдемейді, тек жеңілдетеді. Бәрі сол қалпы. Тек азаматым жоқ. Әдеттегідей жұма сайын құран оқимыз, иіс шығарамыз, бірақ төріміз бос. Әдеттегідей түстенеміз, тек отағасы жоқ. Әдеттегідей апта сайын гүл аламын, бірақ енді өзім не ұлдарым сыйлайды», – деп жазды тележүргізуші.
Журналист марқұм күйеуін әр істе ойша кеңесшісі ретінде сезінетінін, оның айтқан қағидалары мен отбасылық дәстүрлерін сақтап жүргенін айтты.
«Бірдеңені бастамас бұрын Қайреке қалай қабылдар еді, не деп айтар еді деп сұраймын. Сондықтан менікіндей ауыр жүкті арқалап жүрген тағдырластарым, берілмеңіздер. Күлкі мен еңбек — балаларымыздың болашағы мен өз тыныштығымыздың кепілі», – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.