Әңгіме 280–300 миллиард теңге жайлы болып отыр
Ұлыбританияда 2015 пен 2024 жылдар аралығында Apple немесе Samsung смартфонын сатып алған шамамен 30 миллион адамға 17 фунт стерлингтен өтемақы төленуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл мәселе Лондондағы Бәсекелестікке қарсы шағымдар жөніндегі трибуналда қарала бастады. Which? тобы Qualcomm компаниясын бәсекеге қарсы әрекеттерге барды деп айыптап отыр.
Топтың мәлімдеуінше, Qualcomm фирмасы Apple мен Samsung компанияларын смартфондарға арналған негізгі чиптер мен лицензиялар үшін қымбат баға төлеуге мәжбүрлеген, нәтижесінде тұтынушыларға сатылатын құрылғылардың құны да өскен.
Дүйсенбіде басталған сот процесі Qualcomm-ның нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланған-пайдаланбағанын анықтауға бағытталған. Егер Which? жеңіске жетсе, іс келесі кезеңге өтеді. Онда Qualcomm компаниясынан 480 миллион фунт көлемінде өтемақы өндіру көзделіп отыр. Бұл қаражат шамамен 29 миллион британдық смартфон иесіне бөлінуі тиіс.
Алайда, екінші кезең бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Which? ұйымының аға заңгері Лиза Уэбб BBC-дің Today бағдарламасына берген сұхбатында:
«Біз бұл істі 2021 жылы бастадық, ал алғашқы сот процесі тек 2025 жылы басталды. Бұл ұзақ жол болды. Бірақ тұтынушылар үшін басты артықшылық – ештеңе істеудің қажеті жоқ: егер біз жеңсек, сіз өз ақшаңызды аласыз», - дед ол.
Топтың мәлімдеуінше, өтемақы 2015 жылдың 1 қазанынан 2024 жылдың 9 қаңтарына дейін сатылған Apple және Samsung смартфондарына қатысты. Әр құрылғы үшін орта есеппен 17 фунт стерлинг төленуі мүмкін.
Qualcomm бұл істің «ешқандай негізі жоқ» екенін бұрыннан айтып келеді.
Ұқсас іс қазір Канадада да қаралып жатыр. Сонымен қатар, компания бұған дейін Еуропалық Одақ тарапынан бәсекеге қарсы әрекеттер үшін айыппұл арқалаған болатын.