Экипаждың қай күні ұшатыны жуық арада хабарланады
Қазақстандық продюсер Дана Қарағұсова елден шыққан тұңғыш әйел ретінде зерттеу жұмыстары үшін ғарышқа аттанатыны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйым өзінің ресми сайтында сапардың мақсаты мен миссиясы жайлы ауқымды материал таратқан. Blue Origin - 2000 жылы Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос құрған америкалық жеке ғарыш компаниясы. Штаб-пәтері АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Кент қаласында орналасқан. Компанияның негізгі мақсаты – ғарышқа ұшуды қолжетімді етіп, болашақта миллиондаған адамның ғарышта өмір сүруіне мүмкіндік жасау.
Ал Дана Қарағұсова осы компания бағыттарының бірі New Shepard суборбиталық туристік ғарыш кемесімен 6 адамның бірі болып ғарышқа аттанбақ. Ғарыш кемесі 100 км биіктікке көтеріліп, жолаушыларға бірнеше минуттық «ессіздік» сезімін береді. New Shepard қайта пайдаланылатын зымыран ретінде жасалған.
NS-36 миссиясының экипаж құрамына Дана Қарағұсовадан басқа Джефф Элгин, доктор Клинт Келли III, Аарон Ньюман, Виталий Островский және аты-жөні құпия сақталатын алтыншы қатысушы енеді. Құпия жолаушы өзінің есімін тек ұшудан кейін жариялауды сұраған.
Доктор Клинт Келли үшін бұл екінші сапар, ол бұған дейін NS-22 миссиясында ғарышқа ұшқан болатын.
Осы күнге дейін Blue Origin Карман сызығынан (ғарыш шекарасы ретінде халықаралық деңгейде танылған) жоғары 75 адамды, оның ішінде 5 қайталама жолаушыны ғарышқа апарды.
BlueOrigin.com, X және YouTube платформаларында экипаж сапарға аттанардан 30 минут бұрын тікелей эфир басталады.
«Данананың медиа, дистрибуция және іс-шаралар саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол Portals атты өнер мен ғылымды біріктіретін мультимоделді экожүйені құрды. Шығармашыл әрі жаңашыл тұлға ретінде батыл идеяларды шынайы жобаларға айналдырады. Бала кезінен альпинизммен айналысып, Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған. Қазір ол үшін ғарыш – тек қызық үшін емес, адамзаттың ішкі эволюциясы басталып, Жерден тыс жалғасатын жаңа белес», - деп жазған Blue Origin.
Экипаж құрамындағы Виталий Островский атты украиналық кәсіпкер бар, ол қонақүй және жылжымайтын мүлік инвесторы, жүйелік талдаушы және веб-әзірлеуші. Ол соңғы он жылда 100-ден астам елде өмір сүрген адам.
Дана Қарағұсова Қазақстанның медиа саласында концерт ұйымдастырушы ретінде танымал. Оның бұрынғы күйеуі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков, екеуінің ортақ 3 баласы бар. Сондай-ақ Дана экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың қызы.