«Тұрсынбек ән айта алмайсың дейтін»: Мөлдір Мұқанова жеке өмірі туралы айтты

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол Тұрсынбек Қабатовпен қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді

Фото: instagram.com/moldir.mt

Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқанова шығармашылық пен жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді. Ол өнерге деген сүйіспеншілігін, әйелдердің армандарын кейінге ысырып қоятын қателігін және Тұрсынбек Қабатовпен қарым-қатынасына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Өнерлі отбасынан шыққан Мөлдірдің шығармашылыққа бет бұруы

Мөлдір Мұқанова өнерлі әулеттен шыққанын айтады. Қазіргі таңда ол ән салып, шығармашылыққа ден қойып жүр. Оның айтуынша, кезінде «Әзіл әлемі» театрының идеясы да өзінен шыққан.

«Ойыма келген идеяны айтатынмын. «Әзіл әлемі» де сол ойларымның бірі болды. Бірақ атын мен қойған жоқпын. Халық жыл сайын күтетін дүние болса дедім. Кейін жігіттерді жинап, театрды құрды. Ол (Тұрсынбек Қабатов) сахнада менің жақсы қырларымды айтып жүрді», – деді продюсер stan.kz-ке берген сұхбатында.

«Әйелдер өз армандарын кейінге ысырады»

Сұхбат барысында Мөлдір Мұқанова әйелдерге кеңес беріп, олардың көбіне өз арманын кейінгі орынға қоятынын айтты.

  • Ол телеарнада жүргізуші болуды армандағанын, бірақ сенімсіздікпен күрескенін жасырмады.
  • Ән айтуға талпынысы кезінде күйеуінен «айта алмайсың» деген пікір естігенін, содан тартыншақтап қалғанын да еске алды.
  • Дегенмен, қазіргі таңда ол өз армандарына жол ашып, әлеуметтік желіде өнерін көрсете бастағанын жеткізді.

«Әйелдер өздерін кейінге ысырып қоя береді. Ал шын мәнінде қай жаста болсаң да, өз арманың үшін әрекет ету қажет», – дейді Мұқанова.

Тұрсынбек Қабатов жайлы пікірі

Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек Қабатовпен қарым-қатынасын да жасырмай айтты.

«Тұрсынбек жақсы адам. Халықтың алдында жүр. Біздің арамыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Бірақ Тұрсынбекті жек көріп кетпеңіздер. Бұрын қалай жақсы көрсеңіздер, солай жақсы көре беріңіздер. Қанша дегенмен біз 20 жыл отастық, жақын адамдармыз», – деді ол.