«Басында қайын ағамды жек көрдім»: Мереке Қалбаева сырын бөлісті

Автор: Дәулет Ботагөз

Келіндік өмірін еске алған ол сәлем салғысы келмегенін де айтты

Фото: видеодан скриншот

Белгілі блогер әрі әзілкеш Мереке Қалбаева ене мен келін қарым-қатынасы жайлы ашық айтты. Ол алғашқыда жаңа әулетке бейімделу қиын болғанын жасырмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Сәлем салу маған ауыр тиді»

Мереке Қалбаева Аман Тасығанға берген сұхбатында тұрмысқа шыққан алғашқы жылдарынеске алды.

«Тұрмысқа шыққалы енеммен бірге тұрған жоқпыз. Бірақ түсініспеушілік болатын. Басында «мама» деп айтуға қиналдым. Оның үстіне қайынағама «сіз» деп сөйлеп, сәлем сал деді. Сол кезде қатты ауыр тиді. Қазір күліп еске аламын. Қарап тұрсам, менде менмендік, тәкаппарлық болған екен», – дейді ол.

«Қайын ағамды іштей жақтырмай жүрдім»

Оның айтуынша, ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста бір-бірін түсіну уақытты талап етеді.

«Басында қайын ағамды іштей жек көрдім. «Неге сәлем салмай-ақ қой демейді? Қазір ондай заман емес қой» деп ойлайтынмын. Кейін араласа келе оның адамгершілігі мол, мықты азамат екенін түсіндім. Қазір абысыныммен де жақсы араласамын», – деп бөлісті Қалбаева.

«Енемді анамдай көремін, бірақ орны бөлек»

Мереке Қалбаева бүгінде енесін құрметтеп, ерекше бағалайтынын жеткізді.

«Қазір енемді анамнан кем көрмеймін. Өз анаңдай болады деген өтірік. Келін де қызыңдай болмайды. Екеуінің орны бөлек. Бірақ енемнің адамгершілігін, маған деген қарым-қатынасын шын жүрегіммен жақсы көремін», – дейді ол.

Айта кетсек, Белгілі актриса әрі блогер Мереке Қалбаева «Жарқыраған жұлдыз» бағдарламасында енесімен қарым-қатынасы туралы шынайы сыр шертті. Бастапқыда бірге тұруға қарсы болғанын айтқан ол, кейін енесіне деген көзқарасы өзгергенін жеткізді.