Кілем мен ұлттық әшекей әншінің жүрегінен орын тапқан
Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес Қазақстандағы екі концертінен соң, өзінің әлеуметтік парақшасына біздің елден алған сый-сыяпатының суреттерін таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дженнифер Лопеске қазақстандық дизайнер Әсел Сабыржанқызы ерекше сыйлық тарту етті. Ол әншінің суретін кілемге салған.
«Портрет үшін Лопестің ең әсерлі суретін таңдадым, ал туындыда Алматы қаласының көрікті жерлерін тауларға қосып бейнеледім. Кілем - өнер үшін мінсіз материал саналады, сондықтан мен Дженнифердің портретін дәл осы кілемге салып, Қазақстаннан осындай есте қаларлық сыйлық жасауды жөн көрдім», - деп жазды Әсел Сабыржанқызы.
Бұл сыйлық Дженнифер Лопестің көңілінен шыққан болуы керек, ол өз парақшасына кілемнің суретін таратып, «бұл маған ұнайды» деп жазған.
Сондай-ақ әнші қолына қазақы нақыштағы білезік таққан суретін салды. Қазақстандықтар бұны мақтап тұтып, ұлттық өнеріміздің биіктен көрінгеніне қуанып жатыр.